Halyq Uni логотип
×

Ажар Ғиният кәсіпкерлерді алаңдамауға шақырды

Қазақстандықтар көліктің барлық түрінде және жабық ғимараттарда маска тағып жүруге міндеттеледі

 Дәурен Ерболат 02.08.2022 | 12:14
Ажар Ғиният кәсіпкерлерді алаңдамауға шақырды
Фото: Bloomberg

Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуал күрделеніп, қалалар мен облыстар «қызыл» аймаққа өтсе де, кәсіпкерлердің жұмысына шектеу қойылмайды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Министр елімізде коронавирус жұқтыру дерегінің өсуіне байланысты эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасының өзектенуін ескеріп, аймақтар бойынша шектеу шаралары қайта қаралғанын атап өтті. Бұл шараларды ведомствоаралық комиссия мақұлдаған.

«Мәселен «жасыл» және «сары» аймақтарда шектеу шаралары бизнес объектілерінің қызметін шектемейді. Инфекция көзін оқшалауға бағытталған, яғни объектілерде санитарлық дезинфекциялық тәртіпті күшейту, қоғамдық орындарда және қоғамдық көлікте медициналық масканы тағу ұсынылады», - деді Ажар Ғиният Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, «қызыл» аймақта шектеру шаралары денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесіне байланысты 2 кезеңмен қабылданады.

Бірінші кезеңде R бірден артық болғанда, яғни аурудың таралуы күшейгенде және 100 мың тұрғынға шаққанда ауруханаға жатқызу көрсеткіші 25-тен 50-ге дейін болғанда, бизнес шектеусіз жұмыс істей береді. Бірақ міндетті түрде жабық ғимараттарда, көліктің барлық түрінде маска тағу керек.

Екінші кезеңде R-ға қарамастан бұл ауруханаға жатқызу көрсеткіші 50-ден астам болғанда объектілерде Ashyq қосымшасы міндетті түрде пайдаланылады. Көп адам қатысатын іс-шараларды өткізуге байланысты бизнес объектілердің толымдылығы 50%-ға дейін шектеледі, білім беру ұйымдарына қосымша шектеу енгізіледі. Ұйым қызметкерлері 30% қашықтан жұмыс істеуге ауысады, - деді министр.

Ол «қызыл» аймаққа көшу және шектеу шараларын енгізу бизнестің және халықтың профилактикалық шараларының ұстануына жағдайына байланысты екенін жеткізді. Осыған байланысты Ажар Ғиният астанада коронавирус неге өршіп жатқанын түсіндірді.

«Сары аймақтағы» Нұр-Сұлтанда демалыс күні үй-жайларда көп адам қатысатын көпшілік іс-шаралар жүргізіледі және медициналық маска тағу, арақышықтықты сақтау талаптары сақталмайды. Бұл астанада инфекцияның одан әрі таралуына алып келді, - деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, бүгінде Нұр-Сұлтанда күніне 1 мыңға жуық адам COVID-19 жұқтырып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама