×

Алматыда 7-қабаттан құлай жаздаған баланы құтқарған студент марапатталды

Марапатты Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Руслан Қасыбаев табыс етті

 Еркеғали Болатұлы 02.08.2022 | 11:15
фото: дереккөз

Алматыда жоғары қабаттан құлай жаздаған баланы құтқарған студент марапатталды, деп хабарлады жергілікті ТЖД баспасөз қызметі.

Нақты айтқанда, министр Юрий Ильиннің бұйрығымен Абай атындағы педагогикалық университеті дене шынықтыру факультетінің 18 жастағы студенті Ерасыл Махмұд «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

«Алматыда салтанатты түрде ұжымның қатысуымен министрдің атынан марапатты Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Руслан Қасыбаев табыс етті. Ол Ерасылдың ата-анасына ұлына лайықты тәрбие бергені үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ Қазақстанда осындай балалар барда аға буын еліміздің болашағына сенімді бола алатынын айтты», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, 21 шілдеде Махмұд Ерасыл көпқабатты үйдің 7-қабатында балкон қоршауынан сыртқа шығып, құлағалы тұрған 2 жасар баланы аман алып қалған еді.

Оған дейін елордада Сәбит Шонтақбаев 3 жасар баланы 8-қабаттан және Есдәулет Дәуітбеков 1 және 3 жасар балаларды 7-қабаттан құтқарған болатын. Сонымен, бір жазда қатар-қатар сенсацияға айналған Қазақстанның екі мегаполисіндегі 7-8 қабаттар мен 2-3 жастағы балалар ерліктің символы ретінде есте қалатын болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама