Halyq Uni логотип
×

«Қарап отырмау керек». Үкімет басшысы министрліктер мен әкімдіктерге тапсырма берді

Қайғылы жағдайға жол бермеу үшін барлық шараны қабылдау қажет

 Дәурен Ерболат 02.08.2022 | 10:52
«Қарап отырмау керек». Үкімет басшысы министрліктер мен әкімдіктерге тапсырма берді
Фото: tuvaonline.ru

Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстанда суға бату дерегінің артуына байланысты министрліктер мен әкімдіктерге тапсырма берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Үкімет басшысы суға түсу, шомылу қауіпсіздігі мәселесін бақылауға алу керегін атап өтті.

Бейбіт күнде қазақстандықтардың өзен, суға батып жатқанына қарап отырмау керек. Қазір – шомылу маусымының қызған шағы. Биыл бірінші маусымнан бері елімізде 140 адам суға кеткен. Оның 49-ы – балалар. Былтырмен салыстырғанда, адамдардың суға батуы 42%-ға азайған. Сонда да бұл көрсеткіш өте жоғары деп санаймын. Су қателікті кешірмейді, - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Оның пікірінше, адамдар балалар қауіпсіздігіне баса мән беруі керек.

«Қайғылы жағдайға жол бермеу үшін барлық шараны қабылдау қажет. Төтенше жағдайлар және Экология министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, судағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді, онда құтқарушылардың болуын бақылауды тапсырамын», - деді премьер-министр.

Айта кетейік, бұған дейін Үкімет басшысы қазақстандықтарға маска тағып жүруге кеңес берген еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама