Соңғы екі аптада Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 3,2 есеге өскен
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов елдегі эпидемиологиялық ахуалдың күрт нашарлауына байланысты қазақстандықтарға маска тағып, арақашықтықты сақтап жүруге кеңес берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, COVID-19 жұқтырғандар саны елордада және Қарағанды облысында айтарлықтай көбейген.
«Күн сайын республика бойынша 3 мыңға дейін жағдай тіркеледі. Бұл – жоғары көрсеткіш. Сондықтан коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия шектеу шараларын күшейтті. Олар өңірлермен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен алдын ала келісілген болатын», - деді премьер-министр Үкімет отырысында.
Ол Денсаулық сақтау министрлігінің эпидемиологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізуі керектігін атап өтті.
Шектеу шараларының сақталуын қамтамасыз ету керек. Маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау сияқты алдын алудың негізгі шаралары қатаң сақталуы қажет. Вакциналау мен ревакцинациялаудың төмен қарқыны жағдайдың күрт нашарлап кетуіне алып келеді. Сондықтан әкімдіктерге халықты вакцинациялау және ревакцинациялауды сақтандыруды тапсырамын. Барлық проблемалық мәселені ведомствоаралық комиссия отырыстарында жедел қарап, тиісті шараларды қабылдау керек. Жалпы бақылау Ералы Ұлықпанұлында (Үкімет басшысының орынбасары), - деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.
Айта кетейік, бүгінде Нұр-Сұлтанда күніне 1 мыңға жуық адам COVID-19 жұқтырып жатыр.