Елімізде жатырын «жалға беретін» қыз-келіншектер көбейген
Жарнамасы жер жаратындардың дені – 18-27 жас аралығында
Сарапшылар «құрсақ ана» қызметінің кәсіп көзіне айналып бара жатқанын алға тартып, дабыл қаға бастады. Өйткені қазір интернетте біреуге бала тууға әзір екенін жарнамалаған хабарландыру көбейіп бара жатыр.
«Астана» телеарнасының хабарлауынша жатырын жалға беретіндердің өз «ставкасы» бар екен. Жарнамасы жер жаратындардың дені – 18-27 жас аралығындағы қыз-келіншектер. Суррогат ана боламын дегендер өздерін толық сипаттап, телефон нөмерлерін қалдырған. Тілшілер солардың біріне хабарласып көріпті.
Гонорарым – 3 миллион теңге. Негізі басында көтерген кезде 1,5 миллион, туғаннан кейін 1,5 миллион теңге береді. Кәдімгідей договормен болады. Ай сайын 100 мың теңге, - дейді ол.
Желіде суррогат ана болғысы келетіндер ғана емес, суррогат ана қызметіне жүгінушілер де көп. «Болашақ» суррогат ана орталығының директоры елімізде бөтен әйелдің көмегімен бала сүйгісі келетіндер аз емес дейді. Бірақ олардың саны туралы нақты есеп жоқ. Тек кейбір дереккөздерде суррогат аналардың көмегімен жылына шамамен 100-200 отбасы сәбилі болатыны айтылады. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша былтыр 30 шақты отбасы нәресте сүйген.
Жатырды жалға алу мен берудің тәртібі «Неке және отбасы туралы» Кодекстің 9-тарауына жазылған. Онда суррогат ананың жасы мен денсаулығы көрсетілген. Сондай-ақ «жалдамалы» ана мен тапсырыс беруші азаматтың арасындағы келісім-шарттар осы заңнамаға сәйкес жасалады.
Суррогат ана 20-дан 35-ке дейін болу керек. Екінші талап – арнайы медициналық ұйымның қорытындысы болуға тиіс. Ол жерде денсаулығы, психикалық және репродуктивті денсаулығы сай екенінің қорытындысы қажет. Үшіншісі – суррогат ананың өзі туған бір сау баласы болуы шарт, - дейді заңгер Олжас Лекеров.
Ал дін өкілдерінің айтуынша, жатырды жалға беру шариғатқа қайшы. Олар суррогат жолмен дүниеге келген бала некесіз туған боп саналады деп отыр.
«Ерлі-зайыптының аталық ұрығы мен аналық жасушаны біріктіріп, оны суррогат ана рөлін атқарушы бөтен бір әйелге салуға шариғатымызда тыйым салынған. Өйткені шариғатта әйелдің жатыры бөтен адамға жалға берілмейді», - дейді наиб имам Елімай Ұтысхан.
Өкінішке қарай, елімізде 14 мыңнан аса ерлі-зайыптының сәби сүюге мүмкіндігі жоқ. Осының салдарынан ажырасушылар да көбейген. Сондықтан кейбір отбасы суррогат ана жалдау – отбасын сақтап қалудың бір жолы деп есептейді.