15 қыркүйекке дейін кімдер табыс декларациясын тапсыруға міндетті?
Талапты орындамағандар жауапқа тартылады
Мемлекеттік кірістер комитеті 15 қыркүйекке дейін кімдер табыс декларациясын тапсыруға міндетті екенін түсіндірді.
МКК мәліметінше, биыл 15 қыркүйекке дейін декларацияны тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органына электронды түрде ұсыну керек.
2022 жылы табыс декларациясын төмендегі санатқа жататындар тапсыруға міндетті:
- Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары;
- Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттілік берілген адамдар мен олардың жұбайлары;
- Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттілік берілген адамдарға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары;
- «Қазақстандағы сайлау туралы» Конституциялық заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстандағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Қазақстан заңдарына сәйкес декларацияны табыс ету міндеті жүктелген адамдар.
Осылайша, бұл адамдар жоғарыда көрсетілген санаттардың біріне тиесілі болуы-болмауына қарамастан, ағымдағы жылы кірістері мен мүлкін декларациялауға міндетті, - деп жазылған хабарламада.
Мемлекеттік кірістер комитеті декларацияны толық емес немесе кешіктіріп тапсырудың салдары барын ескертеді:
- «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексте егер бастапқы салық декларациясы мерзімінде табыс етілмесе, онда салық органдары бірінші рет ескертумен шектелетіні белгіленген. Алайда ескерту жасалғаннан кейін жеке тұлға тарапынан бір жылда қайта заң заң бұзса, 15 АЕК (45 945 теңге, 1 АЕК – 9189) көлемінде айыппұл салынады;
- Егер декларацияда салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеуге әкеп соқпайтын толық емес, дұрыс емес мәліметтер қамтылса, онда салық органдары да бірінші рет ескертумен шектеледі. Бірақ ескертуден кейін бір жылда қайталап жасалған әрекеттер үшін 3 АЕК (9189 теңге) көлемінде айыппұл салынады.