Ол барлық белгіленген мерзімге пробациялық бақылауға алынды
Қостанайда жанар-жағармай талондарын үшінші тұлғаларға заңсыз сату фактісі анықталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
ҚМА Қостанай облысы бойынша департаментінің мәліметінше, «Қостанай жылу-энергетика кәсіпорны» МКК механикаландыру қызметінің басшысы қызметтік бабын пайдаланып, жанар-жағармай талондарын ұрлап, жеңілдетілген бағамен әртүрлі тұлғаларға сатып жіберген.
Бұрынғы басшы 2020 жылдың қазанынан 2021 жылдың желтоқсанына дейінгі аралықта 2,5 мың литрден астам АИ-92 маркалы бензинге және 100 мың литрге жуық жазғы дизель отынына талондарды ұрлап, 18,5 млн.теңге материалдық залал келтірген, – делінген хабарламада.
Сот қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін күдіктіні кінәлі деп танып, 6 жыл шартты мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар ол барлық белгіленген мерзімге пробациялық бақылауға алынды.