Halyq Uni логотип
×

«Петиция – халықтың үні». Билік петициялармен таңдап санасады

Үздіксіз жарияланып жатқан петициялардың заңды күші жоқ

 Ая Өміртай 01.08.2022 | 17:59
«Петиция – халықтың үні». Билік петициялармен таңдап санасады
Коллаж: Halyq Uni

Атқарушы билік жалпыхалықтық онлайн-өтініштің өздері таңдап алған кейбіреуімен ғана санасады. Мысалы, жуырда министр Абаев «Buzz Lightyear» анимациялық фильмі кинотеатрларда көрсетілмейтінін мәлімдеген еді. Министрдің айтуынша, мультфильмінің көрсетілуіне қарсы петицияға 35 000 қол жиналғаны ескерілген.

Жыл басынан бері көпшілік тарапынан бұдан да кең қолдау тапқан петициялар болған. Алайда билік оларды ескерусіз қалдырды. 

ҚОЛ ЖИНАУ ЖЕТКІЛІКСІЗ

Мәселен, кей қолданушылар биліктен қаңтар оқиғасына қатысты деректерді жариялауды талап етсе, енді бірі сайлауды әділ өткізуге, сонымен бірге астана атын ауыстыруды сұрады.

Alash.online порталында 11 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласының бұрынғы атауын қайтару туралы петицияға қол жинау басталып, өтініш авторы Данияр Бүркітбаев Үкіметтен «қоғамдағы көңіл-күйді ескере отырып» елордаға бұрынғы «Астана» атауын қайтаруды сұраған.

Петиция авторы 5 миллион қол жинауды жоспарлаған, 1 тамыздағы ақпарат бойынша, әзірге 228 480 адам қол қойған.

Сол сияқты әйелдердің зейнет жасын 58 жасқа төмендетуді сұраған петицияға бүгінде 833 мың 923 қол жиналған.

«Еліміздегі барша әйелдердің атынан зейнет жасын 58 жасқа, ал ерекше балалары бар аналарды 55 жасқа дейін қысқартуды сұраймыз» делінген.

Алайда үлкен өзгерістер үшін қол жинау жеткіліксіз. Онлайн-петициялар жүздеген мың қол жинағанымен, «еститін Үкімет» тарапынан тиісті шешім қабылданған жоқ.

«ПЕТИЦИЯ ЖАЗУ МӘДЕНИЕТІ ҚАЛЫПТАСПАҒАН»

Қоғам белсендісі Тоғжан Қожалиева петицияны халық пен билік арасын жалғайтын маңызды диалог деп есептейді. Ол петициялардың көбі билік тарапынан ескерілмейтінін айтады.

«Петиция – барлық елде халықтың үні. Жарияланған петициялардың қабылданбауының басты себебі – арнайы ортақ сайт жоқ. Петиция саны, статистикасы көрінетіндей ортақ алаң болуы қажет. Ондай платформа жоқ. Бұрын Рахым Ошақбаевтың otinish.kz сайты бар еді. Бірақ олар петицияны өздері іріктеп жариялайтын болды. Ал eOtinish сайты петиция туралы ортақ картинканы көрсетпейді», – дейді Тоғжан Қожалиева.

Белсендінің айтуынша, Қазақстан қоғамында петиция жазу мәдениеті әлі де болса қалыптаспаған. Ал петиция қабылдануы үшін мәселе өткір баяндалуы әрі сауатты жазылуы қажет.

Кейбір петицияны қарасақ, фейсбуктағы жазба секілді. Ал турасында петиция мазмұны тексерілген деректер мен нақты мәселеден құралған құжат болуы керек. Біздің қоғамда петицияны әлі жаза алмайды, мәдениет қалыптаспаған, – дейді ол.

ПЕТИЦИЯ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУДЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ ЖОҚ

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстанда онлайн-петициялардың бірыңғай заңды институтын енгізу үшін нормативтік-құқықтық база әзірледі.

Вице-министр Данияр Қадыровтың айтуынша, заң жобасы 2021 жылғы 10 қарашада Парламентке енгізілген, қазір Мәжіліс қарауында.

Азаматтардың әртүрлі онлайн-платформаларда жариялаған онлайн-петициялардың құқықтық мәртебесі жоқ. Тиісінше, мемлекеттік органдардың мұндай петицияларды қарау жөніндегі белгіленген міндеті жоқ. Сонымен бірге азаматтар петициялық талаптармен ұжымдық өтініштерді мемлекеттік органдардың атына ресми жіберген жағдайда мұндай өтініштер әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген тәртіппен қаралады, – дейді вице-министр.

Белсенді Тоғжан Қожалиева петиция туралы арнайы заң қабылдаудың қажеттілігі жоқ екендігін алға тартады. Оның ойынша, «бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңға петиция туралы тармақ енгізсе жеткілікті.

«Жеке заң қабылдаудың еш қажеттілігі жоқ. Петиция барысы, оны бақылау және қабылдамау туралы нақты алғышарты көрсетілуі керек. Яғни, өтініштің құрылымы, тиісті шарты туралы көрсетілсе жеткілікті», – дейді ол.

ҰЛЫБРИТАНИЯДА 10 МЫҢ ҚОЛ ЖИНАУ ЖЕТКІЛІКТІ

Заңгер, құқық қорғаушы, «Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының атқарушы директоры Елена Швецованың айтуынша, әлемдік тәжірибеде петицияға қол жинау аяқталғаннан соң нақты жергілікті атқарушы органдарға, үкіметке, министрлікке немесе Президентке жолданады. Бұл ретте Қазақстан заңнамасында «петиция беру» қарастырылмаған.

«Қазақстан заңнамасында «петиция беру» ұғымы жоқ, өйткені петициялар туралы заң жоқ. Сондықтан eGov арқылы петиция жіберілмейді және уәкілетті органдардан қарау талап етілмейді», – деп атап өтті Елена Швецова.

Құқық қорғаушының айтуынша, Ұлыбританияда петициялар үкімет сайтында тіркеледі. Ұлыбритания үкіметі (Министрлер кабинеті) петицияны қарауы үшін 10 000 қол жинау жеткілікті. Ал петиция 100 000 қол жинаса, өтініш парламентте қаралады.

Ал Тәжікстан мен Түркіменстанда бұл мәселе мүлдем қарастырылмаған. Өйткені, онлайн-өтініштер заңнамаға жазылса, құзырлы органдар оларға жауап беруге міндетті болады.

Сондай-ақ, заң жобасының нормасына сәйкес, өтініш толығымен немесе ішінара қанағаттандырылуы немесе қабылданбауы мүмкін екендігі алаңдатады. Заң жобасына әрбір жиналған өтінішті қарау керек деген тармақ енгізу керек деп ойлаймын. Әйтпегенде арыз-шағымдар тек азаматтардың бастамасы, ал атқарушы органдар ол үшін ешқандай жауапкершілік алмайды және міндетті емес дегенге қайта ораламыз, – дейді құқықтанушы.

МУСИННІҢ МИНИСТРЛІГІ ЖАУАПТЫ

Министрлік өкілінің сөзіне сүйенсек, петицияларды беру және қарау тәртібін реттейтін тиісті нормативтік-құқықтық база қабылданғаннан кейін онлайн-петицияларға арналған бірыңғай платформаны іске қосылмақ.

Петицияларға арналған бірыңғай онлайн-платформа құру жөніндегі техникалық мәселелерді шешуге Мусин басқаратын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жауапты болып айқындалған.

Айта кетелік, заң жобасына сәйкес, петиция беру тәртібі мынадай талаппен ісе асады:

1) Қазақстан азаматы петицияны арнайы интернет-ресурс арқылы береді;

2) мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган петициялардың белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруді жүзеге асырады;  

3) шарттарға сәйкес келген жағдайда, петиция сайтта жарияланады;

4) белгілінген шекке жеткен жағдайда, петиция қолдау тапқан болып есептеледі. Одан кейін қарау және шешім қабылдау үшін тиісті органға жіберіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама