Halyq Uni логотип
×

Қаңтар оқиғасына қатысқан 92 адам сотталды – ІІМ

200-ден аса күдікті қамаудан босатылды

 Дәурен Ерболат 01.08.2022 | 15:18
Қаңтар оқиғасына қатысқан 92 адам сотталды – ІІМ
Фото: AP / Vladimir Tretyakov

ІІМ Тергеу департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Қожаев қаңтар оқиғасында ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 92 адамның сотталғанын айтты деп хабарлады Halyq Unі тілшісі.

Оның айтуынша, қаңтар оқиғасы бойынша 4 642 қылмыстық іс қозғалған.

«Оның ішінде 2,5 мыңнан астамы – ұрлық, 708 іс – қаруды ұрлау немесе сақтау фактісі, 418 іс – бұзақылық, 199 іс – мүлікті жою, 26 іс – қарақшылық және тонау. Бұл қылмыстық істер бойынша тергеушілер 15 мыңға жуық адамнан жауап алды. 35 мыңнан аса тергеу әрекеттері және 2,5 мың сараптама жүргізілді. 1 731 адам жәбірленуші болып танылды», - деді Мұхтар Қожаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

ІІМ өкілі 343 млн теңгенің шығыны өтелгенін атап өтті.

Бүгінде өндірістегі 969 іс аяқталды, оның ішінде 594 айыпталушыға қатысты іс соттарға жолданды.  Сотта қарау нәтижесімен 500 адамға қатысты үкім шықты, олардың көпшілігі бас бостандығынан шектелді, бұл 398 адам, ал ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 92 адам ғана бас бостандығынан айырылды», - деді басшы.

Ол сотқа дейінгі тергеу барысында адамдардың конституциялық құқығының сақталуын, әрі бұзылмауын қатаң бақылауда ұсталатынын жеткізді.

«Тергеу сатысында жағымды мінезделетін және жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеген күдіктілердің бұлтартпау шаралары қоғамнан оқшаулауға байланысты емес болып өзгертілді. Осы негіздер бойынша 255 күдікті қамаудан босатылды. Олардың ішінде, орташа немесе онша ауыр емес қылмыс жасаған 35 күдіктіге қатысты қылмыстық істер сотқа жеткізілмей тараптардың татуласуына байланысты қысқартылды. Дәл осындай негіздермен 13 сотталушыға қатысты қылмыстық істер соттармен қысқартылды», - деді Мұхтар Қожаев.

Айта кетейік, осыған дейін Бас прокуратура 300-ге жуық күдікті қамауда отырғанын хабарлаған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама