×

«Айына 300-500 мың доллардан тапқан»: қылмыстық топтың бірнеше қаладағы мүшелері ұсталды

Оның құрамында 23 адам болған

 Дәурен Ерболат 01.08.2022 | 12:29
Фото: tobolinfo.kz/

Еліміздегі бірнеше қалада ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелерін ұстау үшін арнайы операция өтті, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Арнайы операцияны ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 5 департаменті және полиция департаменті Алматы және Шымкент қалалары, Алматы, Ақтөбе және Жамбыл облыстарының аумағында бірлесіп ұйымдастырған.

Нәтижесінде барлығы 23 адам ұсталды. Ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында бұрын сотталғандар болған. Олар қылмыс жасауға әбден машықтанған. Күдіктілер қарызды өндіріп алу, бопсалау, сондай-ақ заңсыз майнингпен айналасатындарға «қамқорлық» жасаған, - деп жазылған хабарламада.

Олар Алматы облысы Талғар ауданын орналасқан заңсыз майнинг фермалардың есебінен ай сайын 300-500 мың доллар пайда тапқан. Биткоин өндірген фермаларды тінту кезінде қылмыстық топтың 7 мүшесі ұсталды.

«Күдіктілер IT cаласындағы 36 жастағы маманды ақша беріп отыруға мәжбүрлеген. Осылайша, олар заңсыз майнинг фермаларының жұмысын ұйымдастырған», - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар күштік құрылымдар заңсыз сақталған қаруды анықтау кезінде қылмыстық топтың 3 мүшесін ұстады.

Олардың біреуі әскери қызметші екенін анықталды. Күдіктілерден АКСУ автоматы, 60 патрон және Сталкер, RETAY тапаншалар алынды. Тінту нәтижесінде жедел уәкілдер заттай айғақтарды, заңсыз бухгалтерия жүргізілгенін көрсететін дәлелдерді, сондай-ақ жалпы құны 7 млн доллар болатын майнинг жасауға арналған 6 мыңнан аса жабдықты, Макаров тапаншасын, жалған автомобиль нөмірлерінің 3 жиынтығын тәркіледі, - деп жазылған хабарламада.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама