Оқиға куәгерлері жедел жәрдем шақырғаннан кейін күдікті ол көлікті де ұрламақ болады
Алматыда 28 жастағы ер адам екі жеңіл көлік пен бір жедел жәрдем көлігін ұрлап , үш бірдей жол апатының болуына себепкер болған. Бұл туралы Алматы қалалық ПД-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 31 шілде күні сағат 21:45-те Құлжа тасжолы бойында орналасқан тұрғын үй кешенінің аумағынан BMW маркалы автокөліктің ұрланғаны туралы хабарлама келіп түскен.
Күдікті ауладан шығып бара жатып, «Ауди» көлігімен соқтығысып, қашып кеткен. Бірнеше минуттан кейін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласында ұрланған көлікпен қарсы жолаққа шығып кетіп, Toyota көлігімен соқтығысқан. Ол оқиға орнынан жаяу қашып кеткен, – делінген хабарламада.
Полицияның мәліметіне сәйкес, бірнеше минуттан кейін ол 28 жастағы бойжеткеннен Nissan көлігін күштеп тартып алады, бірақ алысқа ұзай қоймады – күдікті тасжолда көлікпен аударылып қалады. Оқиға куәгерлері жедел жәрдем шақырғаннан кейін күдікті ол көлікті де ұрламақ болады.
«Облыстық жедел жәрдем бекетіне тиесілі Jac Sunray-мен қалаға қайта келгенде, оны патрульдік полиция экипажы «Ұстау» жоспары бойынша ұстады. Күдікті - 1994 жылы туған ер адам, медициналық куәландыру барысында есірткі пайдаланғаны анықталды. Ол қамауда», – деп мәлімдеді ПД-ның баспасөз қызметі.
Бұған қоса аталған жағдайға байланысты Медеу аудандық ПІБ жанындағы полиция бөлімінде, сондай-ақ Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер бөлімдерінде бөтен көліктерді заңсыз басып алу фактілері бойынша үш қылмыстық іс тіркелгені белгілі болды.