Halyq Uni логотип
×

«Алдымен ана тілін білуге тиіс»: өзге елдерде шет тілін оқыту үрдісі қалай?

Тұлға болып қалыптаспай, ұлты мен мемлекетін танымай, басқа тілді үйренгені дұрыс емес

 Еркеғали Болатұлы 01.08.2022 | 10:07
«Алдымен ана тілін білуге тиіс»: өзге елдерде шет тілін оқыту үрдісі қалай?
фото: ашық дереккөз

Француз балалары мектеп табалдырығын аттай сала шет тілін үйренуге кіріседі екен. Жалпы ол елде өзге тілдерді меңгеруге баса мән берілген. Бүгінде мектеп оқушыларының 90 пайызы ағылшын тілін оқиды. 90-жылдардың аяғына дейінгі бағдарламада оған жай ғана кіріспе жасалатын. Ал қазір бастауыш сыныптарда ағылшын тілі аптасына 1,5 сағат оқытылады деп хабарлады «Хабар 24» телеарнасы.

Ал орта және жоғары сыныптағылар үшін бұл пән жиірек өткізіледі. Сөйтіп, мектеп бітіргенше оқушы тілді орта және одан жоғары деңгейде меңгеріп шығады. Бір ескерерлігі, онда бастауыш мектепте негізінен ана тілі мен математикаға көп мәні беріледі. Қалған пәндер тек кіріспе сабақ ретінде оқытылады. Мысалы, ағылшын тілі факультативті сабақ ретінде өтетіндіктен оған баға қойылмайды. Бастауыш мектепті бітірген бала негізгі ағылшын сөздерін білуі мүмкін, бірақ грамматиканы өтпейді. Онысы орта буында оқытыла бастайды екен.

Ал Түркияда шет тілі 2-сыныптан бастап оқытылады. Оқушылардың француз, араб, неміс, орыс тілі пәнін таңдау мүмкіндігі бар. Бірақ басым бөлігінің таңдауы ағылшын тіліне түседі. Ел азаматының бірінші міндеті – мемлекеттік тілді жетік меңгеру болғандықтан, сабақтардың бәрі түрік тілінде өтеді. Ал жоғарғы оқу орындарының ағылшын тіліндегі бөліміне түсетіндер арнайы сынақтан өтуге міндетті.

Бала алдымен ана тілін білуге тиіс. Басқа тілдерді сол тілдің айнасынан қарағаны жөн. Тұлға болып қалыптаспай, ұлты мен мемлекетін танымай, басқа тілді үйренгені дұрыс емес. Мәселен, менің жиендерім Нидерландыда тұрады. Алдымен түрік тілін меңгерді. Сосын ағылшын, француз тілдерін үйренді, - дейді Анкара тұрғыны Четин Башер.

Қытайда 12 жылдық орта білім беру жүйесі қалыптасқан. Оның алғашқы 6 жылы бастауыш мектебінде өтеді. Мұндағы шет тілі пәні ретінде ағылшын тілі оқытылады. Айта кетерлігі, Қытай қалалары экономикалық даму қарқынына қарай жіктеледі. Сондықтан Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу сынды мегаполистер мен тағы 15 ірі шаһарда ағылшын тілі 1-сыныптың бағдарламасына енгізілген. Ал елді мекен мектептерінде оны 3-сыныптан бастап үйретеді. Жаңа ережеге сәйкес, бағдарламаның алғашқы екі жылында емтихан мен бағалау жүйесі қарастырылмаған. Тілді тереңдетіп оқыту тек үшінші жылдан ғана басталады. Аралық бақылаудан бөлек, тест түріндегі емтихан жарты жылда бір рет өткізіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама