Halyq Uni логотип
×

Тағы да теңсіздік: маймыл шешегіне қарсы вакциналар бай елдерге кете бастады

Бұл ауру 80 елге жетті

 Халық үні 31.07.2022 | 14:03
Тағы да теңсіздік: маймыл шешегіне қарсы вакциналар бай елдерге кете бастады
Фото: Halyq Uni

Дерттен Америка мен Еуропада алғаш рет қайтыс болғандар анықталды Ал, ғалымдар жаңа пандемияға жол бермеудің стратегиясын іздестіріп жатса, Құрама Штаттар тәрізді мемлекеттер миллиондаған екпеге қазірдің өзінде тапсырыс беріп, Африкамен бөлісуге ниет байқатпай отыр.  

Бай елдер қазір маймыл шешегіне қарсы вакцинаны Африкамен бөліспей, көптеп сатып алуға әрекеттеніп жатыр. Осының салдарынан миллиондаған адам аурудың неғұрлым қауіпті нұсқасынан қорғансыз қалып, жұқпалы инфекцияның жаппай таралу мүмкіндігі күшеюі ықтимал, деп дабыл қаға бастады әлемнің денсаулық сақтау қызметкерлері.

Осындай теңсіздік коронавирус пандемиясы кезінде де байқалған еді. Енді сол жағдай тағы да қайталана ма деген алаңдаушылық бар.

COVID-19 пандемиясы кезінде біз көрген қателіктер қазірдің өзінде қайталанып жатыр, - дейді АҚШ-тағы Эмори университетінің медицина кафедрасының ассистенті, доктор Богума Кабисен Титанджи АР агенттігіне берген сұқбатында.

 

Бақуатты мемлекеттер өз шекараларында маймыл шешегін тоқтату үшін миллиондаған вакцинаға тапсырыс бергенімен, олардың ешқайсысы осы аурудың өлімге әкелетін түрі таралып жатқан Африкамен доза бөлісу жоспарын әлі жариялаған жоқ.

 

Мамыр айынан бастап 80-ге жуық елде 21 мыңнан астам маймыл шешегі тіркелді. Ал, Африкада, негізінен Нигерия мен Конгода, 75-ке жуық науқас қайтыс болған. Сонымен қатар, жұма күні Бразилия мен Испания да маймыл шешегінен жан тәсілім еткендер жайлы хабарлады. Демек, осы вирустан өлу фактілері Африкадан тыс жерлерде бірінші рет жарияланып отыр.

 Ондаған жылдар бойы маймыл індетімен айналысқан Африка бұл вирусқа әлемнің жауабы туралы әңгімелерде көлеңкеде қалып қойып отыр, - дейді Титанджи.

Ғалымдардың айтуынша, COVID-19-ды тоқтату науқанына қарағанда, маймыл шешегімен күрес жаппай вакцинацияны қажет етпейді. Зерттеушілер  қолжетімді дозаларды басқа шаралармен бірге мақсатты пайдалану белең алып келе жатқан эпидемияны тоқтатуға жеткілікті деп есептейді. Айта кетсек, жақында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) маймыл шешегіне қатысты жаһандық төтенше жағдай жариялағаны белгілі.

Маймыл шешегінің таралуы COVID-19-ға қарағанда әлдеқайда күрделі болғанымен, сарапшылар егер бұл ауру жалпы халыққа жайылса (қазір ол Еуропа мен Солтүстік Америкада тек гейлер мен бисексуал еркектер арасында ғана таралып отыр) вакцинаға деген қажеттілік күшейе түсетінін ескертеді.

Бейсенбі күні Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары осы континенттің қайтадан артта қалып жатқанын айтып, «Қара құрлыққа» вакцина мәселесінде басымдық беруге шақырды.

Егер біз қауіптен ада болмасақ, әлемнің қалған бөлігі де қауіптен ада болмайды, - дейді Африкадағы Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары директорының міндетін атқарушы Ахмед Огвелл.

Маймыл шешегі Африканың кейбір бөліктерінде ондаған жылдар бойы тарап, негізінен ауруға шалдыққан жабайы жануарлардан адамдарға беріліп, кейінгі кездерге дейін осы континенттен әрі аспады.

Сарапшылар Солтүстік Америка мен Еуропадағы маймыл шешегі індеті Испания мен Бельгияда жыныстық қатынас арқылы тарала бастағанға дейін Африкада пайда болды деген болжам айтады. Қазіргі уақытта осы ауруға шалдыққандардың 70% -дан астамы Еуропада, 98% - ер адамдардан анықталып отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы зардап шеккен елдер үшін вакцина алмасу механизмін әзірлеп жатыр. Бірақ, оның қалай жұмыс істейтіні туралы мәлімет аз. Біріккен Ұлттар Ұйымының денсаулық сақтау агенттігі Африкадағы кедей елдерге басымдық берілетініне уәде етпестен, вакциналардың тек эпидемиологиялық қажеттілікке байланысты таратылатынын атап өтті.

Елдерден бөлісуді сұрау жеткіліксіз. Маймыл шешегінің циркуляциясы неғұрлым ұзағырақ болса, оның жануарлардың жаңа су қоймаларына түсуі немесе жалпы адамзат популяциясына таралу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Егер бұндайға жол берілсе, вакцинаға қажеттілік айтарлықтай артуы мүмкін, - дейді «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымының вакциналар жөніндегі кеңесшісі Шармила Шетти.

Бүгінде маймыл шешегіне қарсы ең озық вакцина өндіруші біреу ғана: ол - даниялық Bavarian Nordic компаниясы. Оның биылғы өндірістік қуаты - шамамен 30 миллион доза. Соның 16 миллионға жуығы шығарылып қойған.

Мамырда Bavarian Nordic АҚШ-тан «халықаралық тапсырыстарды қанағаттандыру үшін» 215 000-нан астам доза шығаруды сұрады. АҚШ денсаулық сақтау департаментінің өкілі Билл Холлдың айтуынша, ұсыныс орындалды. Дегенмен, еуропалық компания бұл екпелердің нақты қай елдерге бөлінетінін айтудан бас тартып отыр.

Холлдың өзге бір мәлімдемесіне қарағанда, АҚШ вакциналармен бөлісуге уәде етпеді. Бірақ, Құрама Штаттар ең көп дозаға тапсырыс беріп, соның 1,4 миллионға жуығын алып үлгерген.

Гарвард университетінің денсаулық сақтау саласындағы жаһандық сарапшысы доктор Ингрид Катц саны шектеулі вакциналар дұрыс таратылса, маймыл шешегін «бақылауға алуға болады» деп есептейді. Және де ғалым бұл ауру пандемияға айналып кетпесі үшін, әлем алдын-ала стратегия жасап, жылдам жауап беруі қажет деген пікірде.

Дереккөз: inbusiness.kz

Серіктес жаңалықтары

Сараптама