Halyq Uni логотип
×

Бойжеткенді зорлықшылардан құтқарған жігіт сұқбат берді

Жігіт оқиға қалай болғанын айтып берді

 Халық үні 31.07.2022 | 10:30
Бойжеткенді зорлықшылардан құтқарған жігіт сұқбат берді
Фото: Гүлмира Абыкайдың facebook парақшасынан

Әлеуметтік желіде қараңғы көшелердің бірінен жүгіріп шығып, жолдағы көліктен көмек сұраған қыздың видеосы тараған. Ал оны зорлықшылардан құтқарған жігіт туралы ешқандай ақпарат болмаған.

Журналист Гүлмира Әбіқай жас қызды құтқарып қалған Рүстем Көшербаев туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды: 

Рүстем Көшербаев, мамандығы инженер-құрылысшы. 28-шілдеде, түнгі он екі жарымда  Талдықорғаннан Алматыға келген беті екен. Рысқұлов маңындағы тұйық көше Бродскийге бұрылғаны сол екен көмек сұраған қыз көліктің алдынан атып шығады. Әрі қарай не болғанын бәріңіз видеодан көрдіңіздер.

- Түн жарымда елсіз көшеден жанұшыра көлікке жүгірген қызды көргенде не ойладың?

- Әрине, ең алдымен артынан өкшелей  қуып келе жатқан жігіттерден қорғауым керек дедім. Басқа ой менде болған жоқ. Қайдан шықты? Не болды екен деп анықтап тоқтағанша екінші жігіт жүгірді. Қалтамда рұқсат етілген қаруымды аспанға аттым. Сонда ғана қыз қуушылардың беті қайтқандай болды. 102-ге хабар бердім. 5 минуттың ішінде 4 патруль көлігі келді. Полиция қызды өз көліктеріне мінгізіп, алып кетті.

- Қыз не айтып үлгерді? Мас па екен?

- Жасы 22-де, Ұзынағаштың қызы екен. Атын сұрамадым. Такси ұстап тұрғанда екі жігіт келіп, «бізбен по пути жеткізіп тастайық» деген. Өз жолынан басқа жаққа бұрылғанын көріп, айқайлап қарсылық танытқанын айтты. Алайда, таксист айқайлап жылап жатқаныма қарамастан мені күштеп түсіріп кетті. Жігіттер сол маңдағы мүрдеге қарай сүйреді. Осы сәтте менің көлігімнің жарығын байқаған бойжеткен бар күшімен ытқып шығып алдымнан жүгіріпті. Истерикасы тоқтаған соң сөзі дұрысталды, мастығын байқамадым.

- Үнемі жол үстіндесің? Осындай оқиғалар жиі кездесе ме?

- Шамасы, 4 рет болды осындай оқиға. Көбіне, трасса бойында жігіт пен қыз келіспей ұрсып қалады, ашумен тоқтатады. Көмек сұраған адамның қолын қайтармаппын.

- Сіздің бұл ісіңізді батырлыққа теңеп жатқандар бар, қанша дегенмен шегіп алған, ішіп алған жігіттер?

- Иә, жазылған пікірлерді оқып таң қалдым әрі ұялып кеттім. Меніңше, қиналған жанды көрген әр адам көмек береді деп ойлаймын, бұл жәй адамгершілік қой. Мен және өзім танитын достарым, жақындарым болса дәл мен сияқты көмектесер еді. Өзім сол маңда тұрамын, көшем қылмыстан аулақ болса екен деймін.

Қазіргідей «бәлесінен аулақ» дейтін заманда адамгершілік батырлыққа теңелгені рас.  Дегенмен, тупик көшеде камераға жүздері анық көрінген күдіктілерді полицияның әлі таппауы көңілге күдік ұялатады, – деп жазды журналист.

Бұған дейін, 29 шілдеде бойжеткен жолда тоқтаған көлік жүргізушісіне өзін әлдебіреудің зорламақ болғанын айтып, көмек сұрағаны туралы жазғанбыз.  Жедел-тергеу тобы құрылып, тергеу Алматы қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауына алынғаны туралы хабарлаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама