×

Құзырлы орган Ақтау дүкенін жайлаған тарақандарға қатысты пікір білдірді (ВИДЕО)

Сауда-саттық нысандары айына 1 рет және қажетінше дезинфекция жұмыстарын жүргізуі қажет

 Қанат Атаманов 31.07.2022 | 08:30
Фото: видеодан скриншот

Ақтау дүкенінің нан сөресін жайлаған тарақандар туралы ешқандай шағым түскен жоқ. Мұны қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Асима Жарылғасова мәлім етті.

Аталған видеодадағы жағдай бойынша қала тұрғындары тарапынан ешқандай шағым түскен жоқ. Жалпы сауда-саттық нысандары маңызы елеусіз обьектілер қатарына жатқызылады. Сол себептен олар хабарлама беру арқылы жұмысын іске асырады. Санитарлық-эпидемиологиялық тексеру маңызы елеусіз нысандарға жүргізілмейді. Алайда, адам денсаулығына қауіп төнген жағдайда шағын кәсіпкерлікке жарияланған мораторийді ескере отырып, жоспардан тыс санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жұмыстары жургізіледі. Мораторий кәсіпкерді санитарлық талаптарды орындаудан босатпайды. Сауда-саттық нысандары арнайы мамандырылған мекемемен келісім шартқа отырып, айына 1 рет және қажетінше дезинфекция жұмыстарын жүргізуі қажет, - деді Асима Жарылғасова.

Жергілікті құзырлы орган мәліметінше, санитарлық-эпидемиологиялық тәртіп бұзылғаны туралы арызды кез келген адам eOtinish порталы арқылы жолдай алады.

Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде Ақтау дүкендерінің бірінде нан өнімдерінің арасында жүрген тарақандардың видеосы тараған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама