Қызметкерлердің көбі ауырып қалған
Петропавлда халыққа қызмет көрсету орталығы қыстың көзі қырауда жылусыз қалды. Күніне жүздеген адам келетін әлеуметтік нысанда қазір ауа температурасы небәрі 10-13 градус шамасында. Оның өзінде бұл күндері ауа райы жылы. Өйткені батареяларда қысым тым төмен. Дірдек қаққан қызметкерлер қабаттап жылы киім киіп, жұмыс істеуге мәжбүр.
Орталықта бүгінгі күні штатта барлығы 60 маман қызмет етеді. Оның 15-і суық тиіп ауырып қалған. Салдарынан мұнда ұзын-сонар кезек қалыптасқан. Кезегін күткен азаматтар да бүрсең қағып отыр.
Ғимарат іші салқын. Әріптестерімнің көбі ауырып жатыр. Оның үстіне тұмау жүріп жатыр. Сондықтан шама келгенше қалың киініп жүруге тырысамыз. Мен келген азаматтарды қарсы алып, қозғалыста жүремін. Ал, компьютер алдында отырғандар тоңады, - дейді ХҚКО қызметкері Галина Горьковская.
Екі қабаттан тұратын ғимараттың жылу жүйесі былтыр толығымен жөндеуден өткен. Күрделі жөндеу жұмыстарын Көкшетау қаласында тіркелген «СК Блок» ЖШС жүргізді. Бұл мақсатқа қанша қаражат жұмсалғанын жауаптылар ашып айтпай отыр. Нысан қабылданған. Бірақ жылыту мауымы басталғалы бірнеше мәрте ақау шықты.
«Өткенде бір құбыр мүлде қатып қалды. Себебі жылу қысымы тым аз. Мердігердің жұмысын күзде қабылдадық. Бірақ ол кезде тексере алмадық. Енді келіп, түрлі апаттар тіркелуде. Сенбі күні мердігерді шақырттық. Шаруаларын соңына дейін аяқтамады. Бірнеше мәрте хат та жаздық», - дейді ХҚКО әкімшілік-шаруашылық қызметінің басшысы Игорь Макущенко.
Орталық пен мердігер арасындағы кепілдік мерзімінің уақыты әлі аяқталмаған. Жағдай жақын күндері реттелмесе, ХҚҚО басшылығы мердігерді сотқа беруге арыз әзірлеуде.