×

«Қу дүниенің бірі де жоқ»: Тірісінде көрін қаздырып, асын берген павлодарлық қарияның әңгімесі

Қарттар үйінде тұратын Сағадат Жұмабаев 90 жасқа толды

 Данияр Айтпайұлы 30.07.2022 | 12:40
коллаж: Халық үні

Павлодарда қарттар үйінде тұратын ақсақал Сағадат Жұмабаев өз қабірін қаздырып, жақындарын жинап, асын беріп қойған. Тіпті мола басына құлпытас орнатып, аты-жөнін де жаздырған. Мұндай шешімге төрт жыл бұрын келген 90-дағы ақсақал Halyq Uni тілшісіне бұған не себеп болғанын айтты. Ол әңгімесін бағып-қағатын бала-шағам болса, күтімі келісіп тұрса, қартайғанда бұл жерге келіп неміз бар? Қызым не ұлым болса, осылай қарттар үйінде тұрар ма едім, деп бастады.

ҚАРТТАР ҮЙІНДЕ ТҰРАДЫ

Сағадат Жұмабаев 1932 жылдың мамырында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған.

Анам көзі тірісінде аштық жылдары жайлы орын іздеп, Баянауылдан Ертіс өзенінің жағасына көшіп келгенімізді айтқан еді. Күн қатты суық болыпты. Әбден қалжыраған әкем көшіп жүрген арбаның дөңгелегіне сүйеніп отырып, сол бойы дүниеден өтіпті. Біз өзеннен балық аулап, картоп егіп, күн көрдік, - дейді Сағадат ақсақал.

Сағадат Жұмабаев жас күнінде отбасы құрған, алайда әйелі екеуінің баласы болмаған. 2009 жылы жары дүниеден өткен. Араға екі жыл салып Сағадат Жұмабаев Павлодар қаласындағы қарттар үйіне келген. Содан бері он жылдан астам уақыт өтті, ақсақал бұл шешіміне өкінбейтінін жеткізді. 

«Бұл жерде жағдайым жақсы. Іші таза. Киімім бүтін, тамағымыз тоқ. Бөлмем де ыңғайлы. Мұнда кітап оқимын, теледидар көремін», - дейді ол.

КӨМЕТІН ТУЫСЫ ҚАЛМАҒАН

2018 жылы Сағадат Жұмабаев қабірін қаздырып, ауылдастары мен дәмдес болған ағайынның басын қосып, асын берген. Тіпті моланың басына мәрмәрдан құлпытас орнатқан. Аты-жөнін, руын жаздырған. Туған жылын көрсетіп, қайтыс болған уақыты көрсетілетін орынды бос қалдырған. Ақсақалдың айтуынша, мұндай шешімге келуіне ақтық сапарға аттандырар туысы қалмағаны себеп болған. Ақсақалдың «қабірі» жары жерленген қабірінің жанында орналасқан.

«Бұл өлімнен қорыққаннан жасалып жатқан дүние емес. Өмір бар жерде өлім де бар. Көмілмей қалмаспын. Бірақ ешкімге масыл болғым келмейді. Қабірім дайын тұрса, әкеліп жатқызады ғой», - дейді қария.

Сағадат Жұмабаев жастарға да кеңес айтты. Ол жастар дүниенің соңына түсіп кетпесе екен деп тілейді.

«Жас кезімде қызмет те атқардым, көпшіліктің қолы жете бермейтін көлікті де бірінші болып міндім. Бірақ оның барлығы баянсыз, қу дүние екен. Қазір бірі де жоқ. Сондықтан жастар дүние қумай, туыстық қатынасты берік етсе деген тілегім бар. Ата-анасына қамқор болса... Кім қарттар үйіне келгісі келеді дейсің...», - деп түйіндеді ақсақал.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама