«Кешке көшеде отырыңыз»: қостанайлықтарға электр энергиясын үнемдеуге тура келіп тұр
«Таңертең тамақ дайындауға мүмкіндігі бар зейнеткерлер, жұмыс істемейтіндер, түстен кейін пісіріңіздер!» деп ескертті ОСИ
Қостанайда коммуналдық қызметтердің өкілдері азаматтарға жөндеу жұмыстарына байланысты бірнеше ауданды қоспағанда, облыста 2 апта бойы газдың болмайтынын ескертті. Осыған байланысты электр желісіне жүктеме артатындықтан, тұрғындардан электр энергиясын үнемдеу сұралды, деп хабарлады Tengrinews.kz.
Жарықты босқа жақпауға кеңес беретін хабарландыруларды облыста газды өшіру қарсаңында пәтерлер меншік иелерінің тұтынушылар кооперативі және меншік иелерінің бірлестік төрағалары іліп қоятын болады. Жауапты өкілдер Рудный-Қарталы газ құбырын жөндеуге байланысты облыс 2 апта бойы көгілдір отынсыз және ыстық сусыз болатынын, осыған байланысты желідегі жүктеме артатынын хабарлады.
Таңертең тамақ дайындауға мүмкіндігі бар зейнеткерлер, жұмыс істемейтіндер, түстен кейін пісіріңіздер. Кешке жұмыстан келетін өзге тұрғындар пісіретін болады. Мүмкіндігінше жартылай фабрикатталған өнімдерді пайдаланыңыз. Теледидарды сәл өшіре тұрыңыз. Одан да ұмытылған кітаптарды оқыңыз. Кешке саябақта серуендеңіз немесе жай ғана көшеде отырыңыз. Көршілеріңізбен әңгіме-дүкен құрыңыз. Бұл айтылғандар қиын еңбекті талап ететін іс емес. Болашақта өмірімізді қиындатпау үшін сәл шыдамдылық танытқан жөн, - деді «Орталық» пәтерлер меншік иелерінің тұтынушылар кооперативі.
Әсіресе OSI жүйесіне ауысқандар үшін бұл қиын. Себебі үйлердің ішіндегі электр желілерінің тозығы жеткен.
«Барлығы жарамсыз, апаттық күйде тұр. Тіпті кейбірін шаң басып, сымдарының алюминийі үзілейін деп тұр. Сымдар арасында қысқа тұйықталу болса, техника да жанып кету қаупі басым. Тіпті өрт шығу қаупі жоғары», - деді «Гагарин 14» меншік иелері бірлестігінің төрағасы Наталья Медведева.
Қалалық электр желісі электрлік жүктемеге дайын екендерін хабарлады. Қазір «ЭПК-forfаit» ЖШС электр жүктемесінің артуына байланысты қосымша қуат беретін жабдықтарды қарау шараларын жүргізіп жатыр.