×

Осы жексенбіде 27 ауылдық округтің әкімі сайланады

Жыл соңына дейін тағы 214 ауыл басшысына таңдау жасалмақ

 Динара Амантай 29.07.2022 | 15:06
Фото: world-nan.kz

Өткен жылдың шілде айынан бері 1093 ауылдық елді мекеннің басшысы сайланды. Оның 215-і – өзін-өзі ұсынғандар, 116 қайта сайланған әкім – әйелдер. Бұл туралы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің telegram желісіндегі парақшасында жариялады.

Оның айтуынша, ауыл әкімдерінің 608-і, яғни 55,6 пайызы жаңадан сайланған. Олардың көпшілігі бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген екен. Көбінесе мұғалімдер, дәрігерлер, кәсіпкерлер, жергілікті кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының басшылары ауыл тұрғындарының қолдауына ие болды.

Жаңа әкімдердің басым бөлігі Маңғыстау – 77,8% (18-нің 14-і), Қарағанды – 77,2% (79-дың 61-і) және Жамбыл – 71% (72-нің 51-і) облыстарында сайланды.

Осы жексенбі, 31 шілдеде 27 ауылдық округте сайлау өтеді. Ал жыл соңына дейін тағы 214 ауыл басшысы сайланады. 1037 ауылдық округте сайлау 2023 және 2024 жылдарға белгіленген, – деп жазды Ерлан Қарин.

Сонымен бірге алдағы уақытта аудан әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу жоспарланып отырғаны белгілі болды. Бұған қоса жаңа конституциялық реформаға сәйкес, қазір облыс әкімдері облыс мәслихаттары депутаттарының дауыс беру қорытындысы бойынша тағайындалады.

«Осылайша, еліміздің саяси жүйесі дәйекті түрде қайта құрылуда, мемлекеттік басқаруға демократияның жаңа құралдары енгізілуде», – деп қорытындылады мемлекеттік кеңесші.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама