Бүгінде оның мерзімі 1 жылға есептелген
Қазақстанда 1 жасқа дейінгі бала күтімі үшін берілетін әлеуметтік төлемнің мерзімін ұзарту мәселесін қарастырып жатырмыз. Бұл туралы «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ бас директоры Нұрсұлу Кемел айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.
ОКҚ-де баспасөз мәслихатында журналист басшыға «Балаға берілетін 19 мың теңге көлеміндегі төлемге оны асырай алмайсың ғой? Ана да өзін тамақтандыруы керек емес пе? Бала күтіміне берілетін төлемді 50-60 мың теңгеге көтеру мәселесін неге көтермейсіздер?» деп сауал жолдады.
Нұрсұлу Кемел бұл мәселе қарастырылып жатқанын жеткізді.
Бүгінде біз Әлеуметтік кодекс аясында төлемдерді 1,5 жылға дейін ұзартуды ұсындық. Біздің мақсатымыз – жүйе мен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Себебі, әлеуметтік төлемдер ұзақ мерзімге есептелген. Мысалы, мемлекет көмектесетін тұрғындар немесе мүгедектігі барлар ай сайын әлеуметтік төлем алады. Сондықтан міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің бүгінгі жағдайын ескеріп, 1 жасқа дейінгі бала күтіміне берілетін әлеуметтік төлемді 1,5 жылға дейін ұзартуды қарастырып жатырмыз. Қазір бұған қатысты қандай шешім қабылданғанын айта алмаймын. Себебі, бұл ұсыныс талқылануда. Алдағы уақытта Әлеуметтік кодекске енгізілетін бұл өзгерістер жарияланады, - деді басшы.
Айта кетейік, осыған дейін декреттік демалыстағы 3,5 мыңға жуық ер адам әлеуметтік төлем алғаны хабарланған еді.