Нөмірсіз көлікпен бозбаланы қағып өлтірген экс-полицей қамауға алынбады
Судья тәртіп сақшысының сол күні дәмханаға тәлтіректеп кіріп, удай мас болып рөлге отырғанына да мән бермеген
Алматы облысында жол апатында ұлдарынан айырылған ағайын-туыс сот үкімімен келіспей шу шығарды. Сот 18 жастағы Дінмұхаммед Жеңісовті қағып өлтіріп, қашып кеткен экс-полицей Самат Айсараақынның бас бостандығын 2,5 жылға шектеген. Бірақ мұны қаралы отбасы тым жеңіл жаза деп отыр.
Марқұмның туыстарының айтуларынша, судья тәртіп сақшысының сол күні дәмханаға тәлтіректеп кіріп, удай мас болып рөлге отырғанына да мән бермеген. Үкіммен келіспеген ағайын-туыс енді апелляциялық шағым жазып, қалай да істі қайта қаратуға күш салып жатыр деп хабарлады КТК телеарнасы.
Менің ұлым спортшы, чемпион болды. Осы стадионда шынығатын. 5 уақыт намазын оқитын. Елімізге қаққан адамға қарағанда, менің ұлым көбірек пайдасын тигізер еді. Бүкіл Талғар қаласы танитын. Жеке өзім үкіммен келіспеймін. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, полиция қызметкері болып, әрі мас күйінде қаққан. Сонда кез келген тәртіп сақшысының адам қағып, кете беруіне бола ма? Адамның өмірі бес тиын болғаны ма сонда? Соттан шығып, қазір жайбарақат демалып жүрген шығар. Ал менің балам жоқ, - дейді марқұмның анасы Нұргүл Түркібаева.
Бозбаланың туыстары қайғылы оқиға болардан санаулы минут бұрын ғана Самат Айсараақынның кәуапханадан сыра ішкенін айтады. Тәлтіректеп жүргені сол дәмхананың бақылау камерасына да жазылып қалған. Кафе ауласында тұрған көлігіне де отыра алмай, құлағаны анық байқалады. Енді қара жамылған отбасы бұл дәлелдер мен куәгерлердің айғақтары ескерілмеді деп зар еңіреп жүр. Өйткені сараптаманың қорытындысына сай, экс-полицей рөлге сау күйінде отырған.
Мойкадағы, дәмханадағы бүкіл куәгерлер көріп, «міне, мына жігіт» деп танып тұрса да сот ешбірінің сөзіне құлақ аспады. Сот ісін тып-тыныш өткізіп, сынып сағатына барғандай, 5-6 рет отырдық. Заңгер «Сіз қалай нөмірсіз жүресіз? Қорықпайсыз ба?» дегенде, Самат Айсараақын «Жоқ, мен қорықпаймын» деді, - дейді марқұмның туысы Жеңісхан Қонқасова.
Негізінде экс-полицейге алғашында 2,5 жылға түрмеге жабу туралы үкім шыққан екен. Бірақ іле-шала «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты амнистияға» ілігіп, жазасы «бас бостандығын шектеуге» ауысып шыға келген.
«Үкім 2022 жылдың 6 маусымында шықты. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-тармағы және 347-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жылдығына орай қамауда ұстау жазасынан босатылды. Үкім әзірге күшіне енген жоқ», - деп мәлімдеді Алматы облыстық соты.