Halyq Uni логотип
×

Елорда мен Алматыда 11 ірі нысанға «мина қойған» тұрғын сотталды

Биыл ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы, яғни терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау бойынша 22 қылмыстық құқықбұзушылық анықталған

 Қанат Атаманов 28.07.2022 | 23:30
Елорда мен Алматыда 11 ірі нысанға «мина қойған» тұрғын сотталды
Фото: ашық дереккөздерден

Әуе және темір жол көлігі нысандарында терроризм актісі туралы 20-дан астам көрінеу жалған хабарлама тіркелді. Бұл туралы ІІМ Көліктегі полиция департаменті хабарлады.

Ведомствоның баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, биыл ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы, яғни терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау бойынша 22 қылмыстық құқықбұзушылық анықталған.

Департаменттің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Әлімовтің айтуынша, бұлардың басым көпшілігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Мәселен, шілде айында Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданы №2 сотының шешімімен Қостанай облысының 36 жастағы тұрғыны ҚР ҚК 273-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Аталған ер адам сәуір айында өзінің IT саласындағы білімін пайдалана отырып, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы 11 ірі нысанға «мина қойылғаны» туралы хабарлама таратқан.

Сонымен қатар, экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері деструктивті діни ағымдарды ұстанушылар жасаған 27 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Бұған қоса, теміржол ұйымдары қызметкерлерінің әлеуметтік желілеріндегі жеке парақшаларында діни материалдарды сақтаудың 5 дерегі белгілі болды. Барлық құқық бұзушылықтар бойынша ҚР ӘҚБК 490, 453-баптарымен әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылды және сот әрқайсысына әкімшілік айыппұл салды, - деді Ерлан Әлімов.

Еске сала кетейік, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама таратқаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінде 5 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жіберу, не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама