×

Болат Назарбаевтың экс-әйеліне қатысты қылмыстық іс қайта қозғалды

Майра Құрманғалиеваға бопсалау, адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру және басқа да қылмыстар бойынша айып тағылды

 Қанат Атаманов 28.07.2022 | 20:30
Фото: ашық дереккөздерден

Алматы қаласының Полиция департаменті Майра Құрманғалиеваға қатысты осыдан он жылдан астам уақыт бұрын басталған тергеуді қайта бастады.

Майра Құрманғалиеваның үстінен бір-бірімен байланысы жоқ үш адам арыз жазды. Екі әйел және бір ер адам. Майраға бопсалау, адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру және басқа да қылмыстар бойынша айып тағылды. Бірақ іскер әйелдің әкімшілік ресурсының кесірінен тергеу әрекеттері тоқтап қалған.

Осы жазда БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде бұрын марганец кеніне иелік еткен кәсіпкердің арызы бойынша Құрманғалиеваның үстінен «рейдерлік» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат пайда болған еді. Ал жақында құқық қорғау органдарының да Назарбаевтың бұрынғы жарын тексере бастағаны белгілі болды.

2011 жылы құзырлы органдарға арызданған бір әйел Майра Құрманғалиевамен 2007 жылы «Алматы ауыр машина жасау зауыты» акционерлік қоғамымен бірлесіп жұмыс істеген компанияға жұмысқа ауысқанда танысқанын айтады.

Келісімшарт зауыт бізге ғимарат беретіндей етіп жасалған. Ал біз олардың дайындығына жауапты болдық. Бизнес өте сәтті болып, бір жылдың ішінде біршама табыс таптық. Жыл аяғында басшылықтан Марат деген адам келді. Ол құжаттарды тексерді де, кетіп қалды. Сосын мені Майра Құрманғалиеваның үйіне шақырды. Оның Алматының жоғарғы жағындағы Оңдасынов көшесінде зәулім үйі бар. Ол бірден айқайға басып, жалдау ақысын жымқырғанымды айтып, енді мен оған 500 мың доллар қарыз екенімді жеткізді. Мен жалға алушылардан ақша алған емеспін, бірақ Құрманғалиева мені тыңдамай, жертөлеге қамап қоюды бұйырды, – дейді ол.

Жәбірленушінің айтуынша, ол күні бойы жертөледе отырған, тіпті қашуға тырысқан. Соңында күйеуі екеуі 100 мың доллар төлеуге мәжбүр болған.

«Аты-жөні таныс танымал тұлғалардың ескі қылмыстары бойынша іс қайта қозғалып, олардың тұтқындалып жатқанын көп оқып, жаңалықтардан көріп жүрмін. Бұл әйел мені бас бостандығымнан заңсыз айырды, ақша бопсалады, жалғыз баспанамнан айырды. Мен оның менің отбасымды қалай құрдымға кетіргенін айтпай-ақ қояйын. Және ол жасаған зұлымдығы үшін жазасын алуы тиіс!», - дейді жәбірленуші.

Еске салсақ, 19 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев рейдерлікпен күресті күшейтуді тапсырған болатын. Болат Назарбаев пен оның бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваның кәсіпорынды басып алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған. Алғашында журналист Михаил Козачков таратқан ақпаратты кейін Қаржы мониторингі растады.

Біз бұған дейін Болат Назарбаевқа арқа сүйеген Иран азаматы алматылық кәсіпкерлерді тақырға отырғызып кеткені туралы жазған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама