Ауылда 48,5 пайыз, тиісінше қалада 41,1 пайыз бағаланды
Қазақстан тұрғындарының жартысынан көбі мемлекеттік қызметшілер арасында тек жедел жәрдем мен өрт сөндірушілердің қызметіне «қанағаттанарлық» деген баға берді.
Ұлттық статистика бюросы жүргізген зерттеуге сәйкес, жедел медициналық көмек қызметінің сапасына толық қанағаттанатын қазақстандықтардың үлесі 54,6 пайызды құраса, өрт сөндіру қызметіне 50,2 пайыз отандасымыз риза.
Одан әрі полиция қызметінің сапасына қанағаттанған қазақстандықтардың үлесі 43,7 пайыз, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы – 43,3 пайыз, салық қызметі – 43 пайыз және басқа мемлекеттік қызметтер бойынша 39,9 пайызды құрайды.
Зерттеуге қатысқан респонденттердің мемлекеттік қызметтің сапасына қатысты бірнеше жауапты таңдауға мүмкіндігі болды. Оның ішінде «қанағаттанбаймын», «ішінара қанағаттанамын және қанағаттанамын», сонымен қатар «жауап беруге қиналамын немесе қолданбаймын» деген нұсқалар болды.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына толық қанағаттанған респонденттердің үлесі қала тұрғындарына қарағанда ауылдық жерлерде басым. Мәселен, жедел медициналық қызметке ауыл тұрғындарының 53,3 пайызы оң бағасын берсе, қала тұрғындарының 56,9 пайызы қызмет сапасына қанағаттанбайды. Сол сияқты салық қызметі бойынша ауыл тұрғындары 49,6 пайызға қанағаттанса, қала тұрғындары 39,5 пайызға ризашылығын білдіріп отыр.
Одан бөлек, халыққа қызмет көрсету орталығының қызметі ауылда 48,7 пайыз, қалада 40,4 пайыз және полиция ауылда 48,5 пайыз, тиісінше қалада 41,1 пайыз бағаланды.
Ал өрт сөндіру қызметінің сапасына бірдей баға берілді деуге болады. Ауыл тұрғындары 50,3 пайыз болса, қала тұрғындары 50,1 пайыз оң бағасын беріп отыр.
Бұл ретте респонденттер көбінесе полиция қызметіне қанағаттанбайды. Зерттеуге қатысушылардың 4,4 пайызы бірден қанағаттанарлықсыз деген баға берген. Былтыр да солай болған еді.