Ақшасын алады, қауіпсіздігіне жауап бермейді - кәсіпкерлер
Елордалық кәсіпкерлер қаладағы ақылы автотұрақтарға шағымданды. Кәсіпкерлер кейінгі үш айдан бері сауда үйіне келушілердің қарасы күрт азайып кеткенін алға тартып отыр. Олар «әкімдік бұл шешімін қала көшелеріндегі кептелісті азайтып, жол қозғалысындағы жүктемені төмендетеді деп түсіндіргенімен, түпкі мақсаты – жүргізушілерге айыппұл арқалату» деп ашынды.
«Астанада - 8, Алматыда 1 кәсіпкерлік нысанымыз бар. Ғимараттар берілді, ал маңындағы жерлер әкімдіктің қарамағында. Әкімдік жеңіл жолмен табыс тапқысы келеді деп топшылаймыз. Ақылы автотұрақтарды орнатып, ақша түсіп отырса дейді. Оның тазалығына кім жауап береді? Қыста қарын күреп, көктемде белгісін сызып, жазда тазалығымен өзіміз айналысып отырмыз. Аумақ біздің іскерлік орталықтың жанында болғандықтан имиджімізге әсер етеді. Сол жерде жұмыс істейтін азаматтарға күн сайын сағатына 100 теңгеден төлеп, таңнан кешке дейін көлігін ақылы автотұраққа қою қымбатқа түседі. Одан кейін ол жерді кім жалға алады?», - дейді кәсіпкер Мұрат Саурамбаев.
Қала тұрғыны, журналист Азамат Алдоңғар автотұрақ маңындағы QR жүйесі істемейтінін, тұрақ ақысын төлеу үшін қалтаңызда тиын болу керегін айтады.
«Тиыным болса да, оның аппаратын іздеп жүруім керек. Олай жүргіңіз келмесе, тұраққа көлігіңізді 1 сағатқа немесе 30 минутқа қойсаңыз да, бір күндік тұрақ ақысын төлеуге тура келеді. 100 теңге емес, 1200 теңге төлейсіз. Оның өзінде мобильді қосымшасын жүктеуіңіз керек. Басқа амал жоқ. Оған көнбесеңіз, 10 мың теңгеге жуық айыппұл арқалайсыз. Бір сағат уақытым осылайша зая кетті», - дейді Азамат Алдоңғар.
QAZ PROPERTY басқарушы компаниялар қауымдастығының төрағасы Қайрат Көкеновтың айтуынша, әкімдік жеке кәсіпорындармен бірге тұрғындарға да айыппұл салу арқылы пайда тауып отыр.
«Сіз көлігіңіздің ақылы автотұрақта қанша уақыт тұратынын алдын ала білуіңіз керек. Онысы қалай? Егер 30 минуттың ақысын төлеп, көлігіңізді тұраққа қойып кетіп, бір сағаттан кейін оралсаңыз, тағы сол айыппұлға ілігесіз. Жүйе тұрғындарға қолайсыз, белгіленген 100 теңгені төлеу үшін емес, айыппұл арқалату үшін жасалған секілді», - деді ол.
«Керуен» сауда ойын-сауық орталығы компаниялар тобының заңгері Руслан Избасов та тұрақтар ақылы қылғалы келуші тұрғындардың саны азайып кеткенін айтып отыр.
«Екі-үш ай бұрын сауда орталығының айналасында 2 ақылы автотұрақ пайда болды. Ақы төлегеніне сай көліктер қорғалмайды. Дамыған елдерде автотұрақтың көбі жіті күзетіледі. Бізде ондай жоқ. Ақшасын алады, бірақ ол тонала ма, өртене ме, жауап бермейді. Біз «Керуен» сауда орталығының имиджіне нұқсан келмес үшін, жол белгісін сызып, тазалығын мойнымызға алып отырмыз. 10 жылдан бері бұл жерді жалға алу үшін әкімдікке талай жүгіндік. Бірақ мардымды жауап берген жоқ. Егер бізге жалға берілсе, автотұрақтар тегін болар еді. Өкінішке қарай, қазір орталыққа келушілер азайып жатыр. Ақылы автотұрақтар жобасы шала, жетілдіруді қажет етеді», - дейді заңгер.