Сауаты барлар да алданады. Қаржы пирамидасының біз байқай бермейтін 10 белгісі
Биыл бірінші тоқсанда 3 мың адам қаржы пирамидасына алданған
Былтыр Қазақстанда 31 мыңнан астам азамат қаржы пирамидасынан зардап шекті. Келтірілген залал 50 млрд теңгеден асты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 3 мыңнан астам адамның қаржы пирамидасына алданып, 65 қылмыстық іс қозғалды. 2021 жылы 31 мың тұрғын жалпы сомасы 54 млрд теңгеге зардап шеккен.
Қаржылық мониторинг агенттігі жақында қаржы пирамидаларына қатысты жұмыс тәсілдерін жетілдіріп жатқанын хабарлады.
«Аналитикалық құралдарды кеңінен қолдану арқылы «жазалаушы» постфакторлық әдістен профилактикалық әдіске көшу жүзеге асырылды. Қолданыстағы заңнамаға қаржы пирамидаларын жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Қаржы пирамидаларының қызметін жарнамалайтын сайттарды бұғаттаудың тетігі әзірленді», - деді агенттік.
Қабылданған шаралардың арқасында Қазақстанда қаржылық пирамиданың жарнамалаған 3 мыңнан астам сайт бұғатталды.
«Биыл барлығы 28 қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша 33 қылмыстық іс тіркелген. Сот 7 қылмыстық істі қарады, олар бойынша 11 адам сотталды, оның ішінде біреуі шет мемлекеттің азаматына қатысты. Барлық тұлғаларға нақты мерзімге – 3 жылдан 6 жыл 8 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл ретте 7 адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды», - делінген ақпаратта.
ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫНЫҢ 10 БЕЛГІСІ
Қазақстандық заңгер Нұржан Рахметовтің пікірінше, заңсыз қаржы ұйымдарын бірнеше белгілер бойынша анықтауға болады.
«Біріншіден, тым жоғары табыс ұсынады. Кейбіреулері тіпті 300% табыс ұсынады. Заң бойынша табысқа банк депозиттері ғана кепілдік бере алады. Қалғаны әрқашан да тәуекел болып саналады, кіріс неғұрлым жоғары болса, тәуекел де соғұрлым жоғары болады», - деді заңгер.
Екіншіден, оның пікірінше қаржы пирамидалары лизензиясыз жұмыс істейді. Көптеген пирамидалар өздерін криптовалюта немесе бағалы қағаздар трейдерлері ретінде көрсетеді. Ал кез келген трейдер немесе брокерде инвестициялық платформа сияқты Ұлттық Банктің лицензиясы болуы тиіс.
«Үшіншіден, ашықтықтың болмауы. Ақша ауадан алынбайды, әрқашан оларды төлейтін адам бар. Қалыптасқан заңды бизнестің әрқашан жеткізушілері немесе бизнес серіктестері болады. Егер салымшыға соншалықты жоғары табыстың қайдан келетінін түсіндіре алмаса, ойлану керек.
Әрі төртіншіден, мұндай ұйымдар агрессивті жарнама кампаниясын жүргізеді. Көбіне әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде кездеседі. Сондай-ақ көп жағдайда жарнама үшін танымал адамдардың бейнелер мен фотоларын пайданалады», деп толықтырды ол.
Бұған қоса, бесіншіден, заңгер қаржы пирамидаларының басты белгісі нақты тауар мен қызметтің болмайтынын айтады. Мәселен, желілік маркетинг – бөлшек саудамен айналысатын компаниялар Oriflame, Tupperware және т.б. нақты өнім ұсынады. Ал қаржы пирамидалары бастапқы төлемнің орнына ештеңе сатпайды.Тек өзімен бірге ақша салып кіретін адам шақыруды ұсынады. Бұл заңсыз қаржы ұйымының алтыншы белгісі.
«Жетіншіден, алымшы ақшаны қолма-қол береді, жеке тұлғаның шотына немесе электронды әмиянға төлейді. Бұл жағдайда салымшыға ешкім чек бермейді. Қылмыстық жауапкершіліктен азаматтық-құқықтық салаға көшу әрекеті ретінде сирек жағдайда болмаса әдетте ақшаның салынғанын растайтын құжат болмайды. Сегізінші белгісі – қаржылық ұйымдар өз жұмысын мемлекеттік бағдарламаларға қарсы қою арқылы жүргізеді. Мысалы, автомобиль, пәтер, жер учаскелерін және т.б. сатып алу бағдарламаларына банктер мен мемлекетке қарағанда әлдеқайда тиімді шарттармен қатысуды ұсынады», – дейді заңгер.
Сонымен бірге, оның ойынша, салымшылар ақшасын талап еткенде бірден қайтармаса ойлану керек. Бұл заңсыз ұйымның тоғызыншы белгісі.
«Жұмысын жаңа бастаған пирамидаға ақша салып, пайда табуға болады деп ойлайды. Алайда өзінен кейін кіргізген салымшылар барын естен шығармау керек. Оныншы сипаты, компанияның құрылтайшылары мен басшылары туралы нақты ақпарат болмайды», - деп қорытындылады Нұржан Рахметов.
Салымшылар қандай да бір қаржы ұйымына ақша салмас бұрын, осы он белгілінің бірін байқаса ойланғаны жөн.