Өскеменде ЖҚС аумағындағы жарылыстан 1 жұмысшы мерт болды
42 жастағы ер адам резервуарды тазалаған
Өскемен қаласындағы жанармай құю станциясы маңында жарылыс болды. Соның салдарынан 42 жастағы ер адам көз жұмып, бір баланың денесін күйік шалды. Бұл туралы ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
ТЖД қызметкерлерінің мәліметінше, оқиға бүгін сағат 08.52-де Өскемендегі Промышленная көшесінде орналасқан ЖҚС аумағында болған.
Жанармай құюға арналған бөшкелерді тазалау кезінде ауа қосындысы жарылды. Соның салдарынан 12 жастағы жеткіншектің денесін термиялық күйік шалды. Қазір ол ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Оқиға орнына шұғыл келген ТЖД құтқарушылары бөшке ішінен 42 жастағы ер адамның денесін алып шықты, – делінген хабарламада.
Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқан ер адам резервуарды тазалаған. Оған 12 жастағы туысы көмектескен.
Қайғылы оқиғаның себептері анықталып жатыр.