Halyq Uni логотип
×

«Миллион теңге кетті»: Жамбылда тұрғындар үйге тартылмаған газ үшін ақша төлеген

Ауыл әкімі тұрғындардың мәселесімен танысып, олардың енді негізсіз төлем жасамайтынын жеткізді

 Ұлдана Жұбай 28.07.2022 | 12:43
«Миллион теңге кетті»: Жамбылда тұрғындар үйге тартылмаған газ үшін ақша төлеген
Halyq Uni / Uldana Zhubay

Жамбыл облысы Қордай ауданы Қызылсай ауылының тұрғындары үйге тартылмаған газ үшін ақша төлеп отыр. Бұған дейін әкімдік 209 үйге газ толық тартылды деп есеп берген. Алайда ауыл тұрғындары газды қолданбаса да, жыл басынан бері сол үшін ақша төлеп отыр.

Бізде газ жоқ, бір 2295 теңге төлеңіз деген түбіртек келіпті. Мен не үшін жақпаған газ үшін ақша төлеуім керек? Жиындарда ауылға газ келді деп жалған ақпарат береді, - дейді Қызылсай ауылының тұрғыны Мейрамкүл Әбдікерімова.

Қызылсай ауылына газ тарту жұмысы 2019 жылы басталған. Алайда іс біраз уақытқа созылып, мердігер үш жұмысты үш жылға созған. Нәтижесінде екі көшеден тұратын ауылдың тек 16%-ы ғана газ келіп тұр. Оларға да газдан бұрын түбіртек келіпті. Енді мұның мән-жайын білгісі келген тұрғындар мардымды жауап ала алмай отыр.

«Қордай ауданының газ мекемесіне бардым. Олар бұл жағдайдан бейхабар. «Қалайша газ жоқ?» деп таңқалып отыр. Қолымдағы түбіртекті көрсеттім. Газ кіргізеді деген соң бастапқыда әр үй 450 мың теңгеден жинап бердік. Кейін қосымша жұмыстары бар деп қайта ақша жинады. Есептеп қарасам, бір миллион теңге кетіпті. Қанша уақыт өтті, әлі газ жоқ. Былтыр қыс бойы көмір сатып алдым», - деді ауыл тұрғыны Асқар Молдажанов.

Мердігерлер жағдайға қатысты пікір білдірмеді. Ауыл басшылығы оған «Қордай газ шаруашылық» мекемесін кінәлады. Мәселе ауыл әкімдігіне де жетті. Ол тұрғындарды енді төлем жасамайсыздар деп жұбатты.

Тұрғындардың ашуы орынды. Түсінемін. Түбіртек келіп тұр деген мәселені енді естіп тұрмын. Бұл «Қордай газ шаруашылық» мекемесінің кінәсі. Бірақ енді жұрт жақпаған газ үшін ақша төлемейді», - деді Ауқатты ауыл округі әкімінің міндетін атқарушы Айдын Асылбек. 

Айта кетейік, бұған дейін облыстың бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданы халқы газбен толық қамтылғанын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама