«Балалар төсегі кеңес заманынан қалған»: Жезқазғандық аналар перзентхана жағдайына ренжулі

Халық үні

Жезқазғандық әйелдер денсаулық сақтау министріне хат жазды

фото: ашық дереккөз

Ұлытау облысының орталығында перзентхананың жағдайы сын көтермейді. Мұнда жаңа босанған әйелдерге жағдай жасалмаған, әйелдердің перзентхана асына да көңілі толмай отыр. Соған байланысты жезқазғандық аналар Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа хат жазды. Хатта қаладағы перзентханада жабдықтар біраз уақыттан бері жаңартылмағаны да айтылған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Босану бөлмесі толық жабдықталмаған. Бала тууға арналған кушеткалар (тақтай төсек) жоқ. Толғағы келіп қиналған аналар ыңғайсыз кушеткада босануға мәжбүр. Балаларға арналған төсек ескі, кеңес заманынан қалған төсектің темірден жасалған дөңгелегі қозғалмайды. Матрас пен төсек-жабдық жетпейді, - делінген хатта.

Перзентханада берілетін асқа да әйелдердің көңілі толмайды. Олардың сөзінше, мұнда екі мезгіл ғана тамақ беріледі.

«Жаңа босанған аналарға таңертең және түсте тамақ беріледі. Оның өзі мардымсыз. Басқа ауданнан келіп босанған, қалада туысы жоқ аналарға қиын. Отбасы тамақ әкелмесе, кешкі ас ішпей, аш қалады. Мен де солай аш қалғанмын, себебі тамақ әзірлеп әкелетін туыстарым жоқ. Баласын босанғанына бірнеше күн болған әйелге, емізулі баласы бар әйел үшін бұл шок»,  - дейді Айжан есімді келіншек.

Жезқазғандық әйелдер көтерген тағы бір өзекті мәселе – перзентханада флюорография жасайтын орынның болмауы. Жаңа босанған аналар өкпесін түсіру үшін жедел жәрдем көлігімен қала шетіндегі емxанаға барады. Әйелдер карантин кезінде де осылай сандалған. Әсіресе, қыстыгүні қала сыртындағы емханаға бару қиындайды. Сол себепті кей жезқазғандық акушер жалдап, келіндерін үйде босандырады.

Келінім екінші немеремді үйде босанды. Ол үшін алдын ала дәрігер жалдап қойдық. Ұлым мен келінім бәрін дайындады. Перзентханада оларға кім дұрыс күтім жасайды дейсің. Жағдай реттелер деген үмітпен жүргенімізге қаншама жыл болды, - дейді Нұрзипаш Байтұрсынова.

Әйелдердің арызы бойынша денсаулық сақтау министрлігі тексеру жүргізген.

«Қазір Жезқазған қаласының перзентхана бөлімі көпсалалы аурухананың Иманжан, 11 мекенжайындағы ғимаратында орналасқан. Ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жақында перзентхана бөлімі басқа жерге көшіріледі. Жаңа қондырғы, жабдық, жаңа кушеткалар және балаларға арналған манеждер сатып алынды. Жаңа ғимаратта барлығы толық жабдықталады», - деп хабарлады министрлік.

Сондай-ақ мамандар ас мәзіріне қатысты шағым болмауға тиіс дейді. Өйткені есеп бойынша бәрі дұрыс. Олар кешкі ас берілмейтінін жоққа шығарып, аптасына бір рет әйелдердің өтініш бойынша кешкі ас орнына сүт, айран, тағы басқа сүт өнімдерімен бірге жеміс-жидек, кондитерлік өнімдер берілетінін жеткізді.

Министрлік босанған әйелдер ауруханадан шығардан бұрын флюорографияға көп бейінді ауруханада түсетінін растады. Перзентхана бөлімшесі жаңа ғимаратқа көшірілген соң бұл мәселе де шешіледі деп жоспарланған.

Әйгерім XАМИТ, Ұлытау облысы