Halyq Uni логотип
×

Болат Әбілов ел байлығының жартысы тиесілі 162 адамның тізімін жариялауды талап етті

«Elge Qaitaru» қоғамдық қоры жұмысын бастады. Қорға Болат Әбілов пен Оразалы Ержанов жетекшілік етеді

 Айгерім Таубай 27.07.2022 | 18:47
Болат Әбілов ел байлығының жартысы тиесілі 162 адамның тізімін жариялауды талап етті
Halyq Uni

Халықтан ұрланған ақшаны елге қайтаруды мақсат еткен «Elge Qaitaru» қоғамдық қоры жұмысын бастады. Алматыда қоғамдық қордың жетекшілері Болат Әбілов пен Оразалы Ержанов қордың жұмысымен таныстырып, мемлекет басшысына хат жолдағандарын хабарлады.

Кәсіпкер Болат Әбілов жаңадан құрылған мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған ведомствоаралық комиссия құрамындағы азаматтарды қайта қарауды сұрады.

Көктемде президент тапсырмасымен экономика ресурстарының заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. Комиссия құрамына кімнің кіргені хабарланбады. Тек лауазымдары ғана көрсетілген. Алайда бұл ведомствоаралық комиссияның ішінде арнайы комиссияны Бас прокурордың орынбасары Ұлан Байжанов басқаратынын анықтадық. Ол азаматтың Тимур Құлыбаевтың командасында жұмыс істегені белгілі, сол себепті Қазақстаннан шығарылған активтерді кері қайтаруда шынайы күрес жүргізетініне сенбейміз, - дейді Болат Әбілов.

Оның айтуынша, қор атынан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атына жазылған алғашқы хатта Ұлан Байжановты арнайы комиссия құрамынан алып тастауды сұраған.

Әбілов комиссия құрамына қоғам қайраткері, қоғамда абыройы бар адамдар кіруі қажет екенін айтты. Оның сөзінше, тізімге жеке пікірі бар тәуелсіз азаматтар қосылған жағдайға ғана комиссияның жұмысына сенуге болады.

«Біз «Нұрсұлтан Назарбаев қорының» жұмысына да назар аударуды сұраймыз. Алғашында бұл қызметін қор білім, гуманитарлық сала, мәдениетті дамытуға қатысты бастаған еді. Кейін бизнес, қаржы, банк, қонақүй және тағы басқа саламен айналысып кетті. Құрылған ведомствоаралық комиссия осы қордың жұмысына назар аударуы қажет», - дейді Әбілов.

Айта кетейік, қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жарты байлығы 162 адамға тиесілі екенін айтты. Соған байланысты Болат Әбілов 162 адамның атын атауды ұсынды.

«162 отбасынының тізімін жариялаңыздар. Неге біз – Қазақстан азаматтары бұл адамдар туралы білмеуіміз керек? Осы мүмкіндікті пайдаланып, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан 162 отбасының тізімін жариялауын сұраймын. Бұл әр отбасы өзі иелік ететін дүние-мүліктің заңды жолмен келгенін дәлелдесін», - дейді Әбілов.

Сондай-ақ ішінде қандай да бір сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар екені анықталса, жауапкершілікке тартылуы керек екенін айтты.

Сонда ғана Тоқаев және оның айналасындағылар айтып жүрген Жаңа Қазақстанды құра аламыз, - деді Әбілов.

Айта кетейік, 2022 жылдың 10 маусымында Қасым-Жомарт Тоқаев экономика ресурстарының заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді.

«Тұрғындар экономикалық өсімнің игілігін шын мәнінде көруі  керек. Мемлекеттің байлығы белгілі бір адамдарға емес, барша халыққа тиесілі. Сондықтан, бүкіл халықтың әл-ауқатын арттыру – алдымызда тұрған аса маңызды міндет», - деді мемлекет басшысы жиын барысында.

Президенттің айтуынша, құрылған ведомствоаралық комиссия аңсыз жылыстатылған қаражатты елге қайтарумен айналысады. Ал оның жұмысы үнемі қоғам назарында болады.  Прокуратура қадағалаушы орган ретінде қабылданатын барлық рәсімдердің заңға толықтай сәйкес келуін қамтамасыз етуге міндетті. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама