«Жеті жылқы желкемнен шықты»: сотталған ер адам өкінішін айтты
Ол бес жылға бас бостандығынан айырылды
Қызылорда облысында ұрлық жасап, 5 жылға бас бостандығынан айырылған Санжар есімді азамат өкінішін айтты.
Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Порталдың тілшісіне берген сұхбатында ол барды қанағат тұтпай, жеті жылқыны сойып алып, оған автокөлік сатып алғанын жеткізді.
Мен жоғарғы оқу орнын бітіргенмін. Мамандығым – технолог. Ауылымда өндіріс орны болмағандықтан жұмыс жасамай отырып қалдым. Үйленіп, отбасын құрған соң отабсымды асырау үшін шаруа қожалығына малшы болып жалданып еңбек еттім. Таза ауада, күннің атысынан, батысына дейін жүзге жуық ұсақ мал мен жетпістен астам жылқы жайып жүрдім. Еңбегіме қарай ай сайынғы алатын жалақым жақсы болды. Тамағым тегін. Таза, құнарлы өнімдерді ішіп-жеп жүрдім. Қожайыным үйдегі бала-шағама деп сүт, ет өнімдерін беріп тұрды. Шыны керек жас отбасы болсам да бір-екі жылда біраз қаражат жинап, үй салып, туыстарымның, достарымның алды болдым. Бірақ, қолдағы барымды қанағат тұтпай, мал иесі сияқты бай болғым келді, - деді ол.
Одан әрі ол сол ойын қалай іске асырсам деп жүргенде, тосын сыйға тап болғанын айтты.
Күнделікті жайылымда жүргенімде бағып жүрген малыма бір топ жылқы келіп, қосылып кетті. Мамыражай жайылып жүрген малды үркітпейін, кешке өзі-ақ бөлініп кетер деп ойландым. Бірақ, сол қосылып кеткен жеті ат менің малыммен үш ай жайылымға шығып жүрді. Не керек, іздеу сұрауы жоқ малды өзім иемденіп алдым. Шетінен сойып сатып, біраз қаражат қылдым. Көп малдың ішінен қожайыным бұны байқамады. Ал үйдегілер еңбек ақысы деп ойлады. Жинаған ақшама жақсы айдалымдағы жеңіл көлік сатып алып қойдым. Бұған өзім де, жақындарым да мәз болды. Алайда оның бұл қуанышы ұзаққа созылмады. Мал иесі табылып, қолына кісен салынды. Енді міне, сол жеті жылқы желкемнен шықты. Мұнда отырып, бостандықтағы күнімді сағынамын. Қолдағы барыма қанағат етпегеніме өкінемін, – деді сотталған Санжар.
Қазір ол ЗК-169/1 тергеу изоляторының шаруашылық бөліміне қамалып, жазасын өтеп жатыр. Санжар ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-3-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылған.