Үштөбедегі вандализм: Президент ІІМ басшысына тапсырма берді

Халық үні

Полиция православ зиратын қиратқан бұзақыларды іздеуге кірісті

фото: sputnik.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында православ зиратын қиратқан бұзақыларды қылмыстық жауапқа тартуды тапсырды.

«Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевқа Үштөбе қаласындағы (Алматы облысы) православ зиратын қиратқан бұзақыларды заң жүзінде қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы тапсырма берілді», - деп жазды президент Twitter-де.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Талдықорған маңында орналасқан Үштөбеде белгісіз біреулер православ зиратын талқандағаны жайлы видео тарады. Видео Қаратал ауданының әкімшілік орталығы саналатын Үштөбе қаласы маңында түсірілген. Қала тұрғындары жергілікті полицияға арызданған.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі арыздың тіркелгенін растады. Вандализм фактісі бойынша қылмыстық өндіріс қозғалды. Қазір қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау бойынша жедел іздестіру шаралары жүріп жатыр.