×

Павлодарлық дәрігерлер қансырап жатқан баланы жансақтау бөліміне жатқызудан бас тартқан

Мүмкіндігі шектеулі балаға бір күн бойы медициналық көмек көрсетілмеген

 Данияр Айтпайұлы 27.07.2022 | 12:57
коллаж: Халық үні

Павлодарда ерекшелігі бар 5 жасар балаға дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеген. Ол бір күн бойы өліммен арпалысқан. Миына қан құйылғанын көре тұра, облыстық балалар емханасының дәрігерлері баланы жансақтау бөліміне жеткізуге асықпаған. Ал анасының талабына «орын жоқ» деп жауап берген. Бұл туралы баланың анасы Гүлзат Ихсанова айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Гүлзат Ихсанова мүмкіндігі шектеулі баласын бес жыл бойы шетелде емдеткен. Өзі де профессорлардан дәріс алып, қысылтаяң сәтте қандай медициналық көмек көрсетілуі қажет екенін жетік меңгерген.

Баламның басындағы тігісі ашылып кеткен. Бірден Павлодардағы облыстық балалар емханасына жеткіздік. Көп ұзамай жараның орнынан ірің аға бастады. Тыныс алуы қиындай түсті. Мен бірден бөлім меңгерушісіне барып, ұлым Әл-Тайырдың басына компьютерлік томография жасауын өтіндім. Себебі іріңнің қайдан шығып жатқанын білу маңызды еді. Төменге түскен соң баламның басынан қан мен ірің атқылап жатқанын көрдім. Емханаға бізбен бірге әпкем еріп барған еді. Екеуіміз қанды тоқтатпақ болып, қолымызға түскен орамалмен жарасын баса бердік. Бірақ орамалға қан сіңіп қала берді. Әбден зәреміз ұшты. Әл-Тайырды жансақтау бөліміне шұғыл жеткізуді талап еттім. Сол кезде реаниматолог келіп, ол бөлімде орын жоқ екенін айтып, кетіп қалды, - дейді баланың анасы.

Амалы таусылған әйел қансырап жатқан баласын әпкесінің жанында қалдырып, өзі облыстық денсаулық сақтау басқармасына барған. Ол жерде баласының жансақтау бөліміне жатқызылғанын айтқан. Алайда бұл жалған ақпарат болып шықты. Емханаға қайта келген Гүлзат Ихсановаға компьютерлік томографияның нәтижесі көрсетілген. Онда баланың миына қан құйылып, ауа кіріп кеткені анықталды. Соған қарамастан бала жансақтау бөліміне жеткізілмеген.

«Ұлыма қан тоқтататын препарат та берілмеді. Тұншығып жатса да, тыныс алу аппаратына қосылмады. Біз емханаға күндіз сағат он бірде бардық. Кешкі сағат беске дейін «орын жоқ» деген желеумен ұлымды жансақтау бөліміне жатқызбады. Мен денсаулық сақтау басқармасына бардым. Ол жердегілер баламның жансақтау бөлімінде жатқанын айтып, қайтарды. Ауруханаға келсем, ұлыма әлі медициналық көмек көрсетілмеген. Ол сол уақытқа дейін әпкемнің қолында отырды. Бес жыл бойы мен ұлымды шетелде емдеттім. Дәл осындай жағдай бес жыл бұрын да болған. Ол кезде де дәл осылай медициналық көмек көрсетілмеген. Неге біздің елде мүгедектігі бар балаларға жағдай жасалмаған? Неге мен науқас баламды ауруханада қалдырып, екінші ауруханаға көмек сұрап баруым қажет?», - дейді науқас баланың анасы.

Гүлзат Ихсанова не себепті денсаулық сақтау министрлігі, жергілікті басқармалар мүгедектігі бар балаға дер кезінде медициналық көмек көрсету жағын қолға алмағанына ренжулі. Оның сөзінше жергілікті дәрігерлер анасы барлығын видеоға түсіре бастаған соң көмек көрсеткен.

Әл-Тайырдың жағдайы нашарлай берген соң анасы барлығын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялайтынын айтқан.

Содан кейін ғана ұлымды жансақтау бөліміне алып кетті, - дейді Гүлзат Ихсанова.

Қазір осы жағдайға қатысты Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасы тексеру жүргізіп жатыр.

«Аталған жағдай бойынша басқарма басшысының балалар денсаулығына жауапты орынбасарына арнайы сараптама жүргізу туралы тапсырма берілді. Тексеру аяқталған соң ғана мәселенің анық-қанығын хабарлаймыз», - делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама