Биыл атаулы әлеуметтік көмекке 83 млрд теңге бөлінді

Динара Амантай

Жыл басынан бері АӘК 115,3 мың отбасына берілді

Фото: Halyq Uni

Елімізде биыл табысы аз отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмекке мемлекеттік бюджеттен 83,8 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 115,3 мың отбасындағы 592,3 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) тағайындалды.

АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға тағайындалады.

Бұдан басқа, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

2022 жылғы 1 шілдеде АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 154,9 мың бала азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды.

Естеріңізге сала кетсек, биыл қаңтар айындағы ТЖ режиміне байланысты 2021 жылдың 4 тоқсанында АӘК алған азаматтарға төлемдер 2022 жылдың 1 тоқсанына автоматты түрде ұзартылды. Бұл ретте жаңа алушыларға Электрондық үкімет порталы арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш беру мүмкіндігі берілді.

Қазір қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, сондай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.