«Сыра короліне» түрме ауыстыру, жағдайын жақсарту мүмкіндіктері қарастырылмаған
Тоқтар Төлешовтің қамаудағы жағдайы мәлім болды
Сотталған Тоқтар Төлешов Шемонаиха қаласында орналасқан ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қауіпсіздігі барынша жоғары ОВ-156/6 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті оны басқа мекемеге ауыстыру мәселесін қарастырмаған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті берген ресми жауапта оның жаза өтеу мерзімі 2037 жылғы 29 қаңтарда аяқталатыны жазылған.
Ресми жауап бойынша, Қылмыстық кодекстің 78-бабының 2-бөлігіне сәйкес, Т.Ж.Төлешовке жасаған қылмыстары бойынша рақымшылық жасау көзделмеген. Ол тіпті жазасын өтеу мекемесінде еңбекке де араластырылмайды.
«Марапаттаулары мен өтелмеген жазаланулары жоқ болғандықтан, Қылмыстық-атқару кодексінің 95-бабының 4-бөлігіне сәйкес, ол белгілі бір мінез-құлық дәрежесі жоқ деп танылған», делінген ресми жауапта.
Демек, Тоқтар Төлешов жазасын өтейтін мекеме түрін өзгерту, мекемеде жазасын өтеу жағдайларын өзгерту, сондай-ақ, құқықтарын кеңейту мүмкіндіктерінен айрылған
Ал егер жазасын өтеп жатқан жерде атаулы даталар мен мерекелік іс-шараларға қатысам десе, өз еркі екені айтылады. Сотталғандарға заң бойынша ондай мүмкіндік қарастырылған.
Айта кетейік, «Шымкент сыра» зауытының бұрынғы иесі Тоқтар Төлешов 2016 жылдың қарашасында 21 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған азаптау, кісі өлтіру, адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру, экстремистік топ құру және оған басшылық жасау немесе оның қызметіне қатысу және басқа да баптар бойынша айып тағылды. Ол сонымен қатар, билікті күшпен басып алуға бағытталған қылмыстық топты қаржыландырғаны, есірткіні заңсыз сатқаны үшін сотталды.