Талғар көшелерінде көкпар тартқандарға сот шешімі шықты
Олар 10 тәулікке қамалды
Талғар көшелерінде көкпарды ұйымдастырған адамдар мен шабандоздар жауапқа тартылды.
Бұл туралы polisia.kz хабарлады.
Әлеуметтік желіде Алматы облысы Талғар қаласының көшелерінде бір топ шабандоздың көкпар тартысқан видеосы жарияланған болатын. Бұл жағдайда көкпарға қатысқан біртоп азамат қолданыстағы заңнаманы бұзып қана қоймай, елді мекен аумағына кіріп, жол қозғалысына кедергі келтіріп, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген.
Қазір полиция қызметкерлері көкпарды ұйымдастырушылар мен оған қатысқан азаматтарды анықтады. Олар ҚР ӘҚБК-нің 434-бабы мен 593-бабы және 614-бабы бойынша әкімшілік заңнама нормаларына сәйкес, жауапкершілікке тартылды. Олар соттың шешімімен 10 тәулік мерзімге қамалды.