×

Ұлытауда белгісіз індеттен 70-ке жуық сиыр қырылды: ветеринарлар шаруалардың өзін кінәлады

Шаруалар 64 бас мал үшін 25 миллион теңге сұрап отыр

 Халық үні 26.07.2022 | 19:28
коллаж: Халық үні

Ұлытау облысында белгісіз індеттен 70-ке жуық ірі қара арам өлді. Оларға ринотраxит және тейлериоз деген екі бірдей диагноз қойылған. Қазір ауыл әкімінің шешімімен шектеу шаралары енгізілді. Ал Ұлытау облысы ветеринария басқарма басшысының орынбасары міндетін атқарушы Әбусағит Әбдікердің айтуынша, мәселенің бұлай ушығуына шаруалардың өзі кінәлі.

Мал иесі бар шаруаны үкіметке ысырып, жағдайды мұндай күйге жеткізбеуі керек еді. Біздің тараптан да жіберілген кемшіліктер бар. Облыста лаборатория болмағандықтан, Нұр-Сұлтан, Қарағандыдан қажет мамандардың дер кезінде келіп сынама алмауы да қиындық тудырып отыр, - дейді Әбусағит Әбдікер.

Ал ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Төлеген Рысбековтің айтуынша, аурудан ірі қара 18 маусымда өле бастаған, алайда шаруалар ол туралы мал дәрігеріне шілденің басында хабар берген. Сол аралықта ауру тарап үлгерген.

Ешкімге хабарламай, ауру асқынып кеткен. 60 бас мал өлгенше хабар бермеген фермерлерге таңғалып отырмын, - дейді Төлеген Рысбеков.

Алайда шаруа қожалығы иесі мал өлімі тіркелген кезде ветеринарларға хабарласқанын айтады. Енді тұрғындар жергілікті биліктен шығынды өтеп беруін талап етіп отыр.

«Тарап жатқан ауруға нақты диагноз қойып, емін айтып, шығын болған мал үшін өтемақы төлесе дейміз. 64 бас малды кем дегенде 25 миллион теңгеге бағалап отырмыз. Қазір бір құты дәріні 16 мыңға, екінші түрін 12 мыңға сатып алып отырмыз. Дәрінің өзіне 400 мың теңгеден астам ақша жұмсадық. Мал бағамыз ба, ауырған малдың жағдайын жасаймыз ба, білмей қалдық»,- дейді Мибұлақ ауылының тұрғыны Клара Аxметова.

Алайда арам өлген мал үшін мемлекет тарапынан ешқандай өтемақы төленбейді. Шаруалар өз қаражатына тейлериозға қарсы ем жүргізіп жатыр. Әзірге нәтиже жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлытау облысы Ұлытау ауданына қарасты Мибұлақ ауылындағы Көктабан қыстағында белгісіз індет тарағаны хабарланды. Қазірге дейін шаруалар мал өлексесін өздері өртеп, көміп жатыр. Алайда қорым айналасы қоршалмаған. Залалсыздандыру жұмыстары да жүргізілмеген.

Әйгерім ХАМИТ, Ұлытау облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама