Қазақстанда жеңілдетілген автонесие бағдарламасын қайта іске қосу жоспарланып отыр

Халық үні

Жеңілдікке көпбалалы отбасылар, дәрігерлер мен мұғалімдер ілігуі мүмкін

көрнекі фото: nerdwallet.com

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі отандық автомобильдерді халыққа қолжетімді ету мақсатында жеңілдікпен несие беру бағдарламасына бюджеттен қосымша қаражат бөлу мәселесін пысықтап жатыр.

Бұдан бөлек, халыққа жеңілдікпен автонесие берудің жаңа бағдарламасы әзірленеді. Қазір бағдарламаны қайта іске қосудың бірнеше нұсқалары қарастырылып жатыр.

Соның бірінде көпбалалы отбасыларды, күш құрылымдары қызметкерлерін, дәрігерлер мен мұғалімдерді қолдау жөнінде кіші бағдарлама қосу ұсынылып отыр.

Сондай-ақ «Бірінші отбасылық автомобиль» кіші бағдарламасын қосу мүмкіндігі қарастырылған.

Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2015 жылы іске қосылды. Ол 20 жылға есептелген және «револьверлік» әдіске негізделген. Қаржыландырудың жалпы шегі - 82 млрд теңге. Бағдарлама іске асырылған сәттен бастап револьверлік-қайтарымды қаражатты ескере отырып, 159 млрд теңгеге 30 525 қарыз берілді. Қазірдің өзінде 80 мыңға жуық адам отандық автокөліктерді сатып алған.

Жеңілдікпен автонесие беру бағдарламасының шарттары: 1 жеңіл автокөлік құны 15 млн теңгеден; несие мерзімі - 7 жылдан; соңғы қарыз алушы үшін жылдық номиналдық сыйақы мөлшерлемесі 4%-дан аспауға тиіс;

Соңғы қарыз алушы ЕДБ алдындағы несиесін өтеген кезде қайтарылған қаражат есебінен отандық өндірістің жеңіл автокөлігін сатып алушыларға қайта несие беріледі.

Бүгінгі таңда осы бағдарламамен сатып алу үшін елімізде құрастырылған: Hyundai, KIA, JAC, Chevrolet және LADA сияқты автомобильдер қолжетімді.