Алматыда Италия азаматын қонақүйге 45 мың теңгеге жеткізген таксист ұсталды
Ол Алматы облысының 48 жастағы тұрғыны болып шықты
Көлік полициясы италиялық әйелді қонақүйге жеткізгені үшін одан 45 мың теңге алған алматылық таксистің кім екенін анықтады.
Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғановтың айтуынша, Италиядан келген әйел Алматы әуежайынан қонақүйге жеткізгені үшін таксиске 45 мың теңге төлеген. Содан департаментке бір қала тұрғынынан шетел азаматын аса қымбат бағамен жеткізіп тастаған такси жүргізушісіне шара қолдану керектігі туралы өтініш түскен. Көп ұзамай, жедел іздестіру шаралары нәтижесінде жеке такси қызметін көрсетіп жүрген адамның кім екені анықталыпты.
«Ол Алматы облысының 48 жастағы тұрғыны болып шықты. Ер адам әуежайдан Бөгенбай батыр көшесіндегі қонақүйге дейін тым жоғары баға айтып, шетел азаматын жаңылыстырған. Оған Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 449-бабы 1-бөлігі бойынша шара қолданылды», - деді Мадияр Айтуғанов.