Жаңа ашылған облыста бензиннің қоры таусылды
Абай елінде жанар-жағармай 11 күнге жетеді
Абай облысында жанар-жағармай қоры 16 күнге ғана жеткілікті. Осыған байланысты облыс әкімдігі мұнай өңдеу зауытынан бензинді тасымалдауды қолға алды.
Қазір облыста мұнай базаларында АИ-92 маркалы бензиннің 7,16 мың тоннасы бар. 5,6 мың тонна жолда келе жатыр. Ал жолды есептегенде 11 күнге жетеді. АИ-95 бензині 0,77 мың тонна және жолдағысы 1,82 мың тонна (жолды есепке алғанда 11 күнге жеткілікті). Дизель отыны 15,08 мың тонна және жолда келе жатқаны 1,91 мың тонна (жолды есепке алғанда 11 күнге жетеді).
Қазір мұнай өңдеу зауытынан АИ-92 мен АИ-95 бензинін өңірлерге қарай жөнелту жұмыстары күшейтілді.
Тағы мынадай бір мәлімет бар. Қабанбай ауылындағы екі жекеменшік жағармай құю стансасына «Petro retail» ЖШС (QazaqOil ЖҚС желісі) 60 тоннадай сұйық отынды бөліп берді. Ақсуат ауданындағы 4 жекеменшік ЖҚС-да қажетті жағармай көлемі берілді.
Аягөзге «ҚазМұнайГаз» «ПетроКазахстан Ойл Продактс» кәсіпорнынан 625 тонна бензинді жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен бірге «Petro retail» ЖШС жедел тәртіпте Ақсуат ауданының 4 ЖҚС-на жағармайды сата бастады. Осыған дейін 4 ЖҚС сұйық отынды «Парнас» ЖШС-нан сатып алып келген.
Облыс әкімдігі жағармай стансаларының иелеріне биржада тіркеліп, сұйық отынның саудасына қатысуға кеңес берді. Бұл өз кезегінде қажетті ресурсты тікелей өндірушілерден алуға мүмкіндік береді. Бұл мәселені өңір басшысы Нұрлан Ұранхаев тікелей бақылауында ұстайтын болады.