Қостанайда академик Кенжеғали Сағадиевке ескерткіш орнатылды
Демеушілік қаражат есебінен тұрғызылған композицияның биіктігі – 2,75 метр
Қостанайда академик Кенжеғали Сағадиевке ескерткіш орнатылды.
Қостанай облысы әкімдігінің хабарлауынша, ескерткіш демеушілік қаражат есебінен тұрғызылған. Оның жалпы биіктігі – 2,75 метр.
Ескерткішітң ашылу салтанатында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты. Ол ғалымның ел экономикасының дамуына, білім беру жүйесіне баға жетпес үлес қосқанын айтып, ескерткіштің ашылуы жерлеске деген құрмет пен алғыс деп атады.
Кенжеғали Сағадиев Қазақстандағы бес жоғары оқу орнын басқарған. Целиноград ауылшаруашылық институты мен Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің ректоры болып жұмыс істеді. Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Халықаралық бизнес университеті және Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің президенті болды.
Парламент мәжілісінің үшінші және төртінші шақырылымының депутаты болып сайланып, қаржы және бюджет комитетінің төрағасы қызметін атқарды.
Академик Сағадиев өзінің ғылыми мектебін құрды. Ол – 445-тен астам ғылыми жұмыстың, оның ішінде 20 монография мен оқулықтардың авторы.
Ол АҚШ-тың Нью-Йорк академиясы мен америкалық экономикалық ғалымдар қауымдастығының мүшесі, Пәкістан ғылым академиясының академигі.
Кенжеғали Сағадиев 2021 жылдың 26 шілдесінде 83 жасында дүниеден озды.