Қазақстандағы 36 мыңнан аса медицина маманының біліктілік сертификаты жоқ
Өз беттерімен жеке курстарға барғандар да талапқа сай емес сертификат алған
Елде 36 мыңнан астам дәрігер біліктілігін арттыра алмай жүр. Өйткені Денсаулық сақтау министрлігінің «Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының біліктілігін арттыру және қайта даярлау» бағдарламасы осымен екінші жыл тоқтап тұр.
Министрлік мұны электронды жүйдегі қиындықтармен түсіндіріп отыр деп хабарлады КТК телеарнасы. Енді мәселе шешіледі дегенмен, оның уақыты тағы белгісіз көрінеді. Сондықтан дәрігерлер биыл да білімдерін дер кезінде жетілдіре алмай қалуы мүмкін.
Былтыр жыл аяғында мемлекеттік сатып алу порталына байқау жарияланған. Есеп тапсырып үлгермейтін уақыт болғандықтан, қазына қазаны жабулы күйінде қалып, бөлінген қаржы игерілмепті.
Біздің қоғамдық бірлестікке біліктілігін арттыра алмай жүрген медицина мамандары көмек сұрап, хабарласып жатыр. Бұл мәселеге бейжай қарамауымыз қажет. Олар үнемі өздерін жетілдіріп отыруы керек. Бұл – бір орнында тұрмайтын сала. Азаматтарымыздың өміріне қатысты мәселе болғандықтан, бұл проблеманы министрлік өз деңгейінде шешуі тиіс. Біздегі жоғары оқу орындары дайындалып үлгеруі үшін байқауды ертерек, жыл басында жариялауы қажет. Әзірге министрлік тарапы үнсіз, - дейді «Медициналық ұйымдардың Қазақстандық альянсы» РҚБ басқарма басшысының орынбасары Алмагүл Қауышева.
36 мыңнан аса медицина маманының арнайы сертифакатсыз жұмыс істеп, заңбұзушылыққа жол бергенін Есеп комитеті анықтаған. Өз беттерімен жеке курстарға барғандардың да талапқа сай емес сертификат алғаны ашық айтылды. Сарапшы Әйгерім Қожахметова мұндай білімді жетілдіру курстарын жекеменшік ұйымдардың жүргізуі қолданыстағы кодексті өрескел бұзады деген пікірде.
2020 жылы 7 шілдеде қабылданған кодекс бар. Сол кодекске байланысты жалпы дәрігерлердің біліктілігін арттыру курстары аккредитациядан өткен, лицензиясы бар универститеттерде жүзеге асырылуы керек. Соған қарамастан, әлі күнге дейін жекелеген оқу орындары, лицензиясы, аккредитациясы жоқ басқа да кішігірім ұйымдарда курстар жүріп жатыр, - дейді сарапшы Әйгерім Қожахметова.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бұл жағдайдан хабардар. Бағдарлама тоқтаған жоқ дейді ол. Тек былтырдан бастап байқау электрондық жүйеге көшкендіктен, көп қиыныдыққа тап болып, тұралап тұрған көрінеді.
Осы қызметті атқаратын органдар үшін де қиыншылығы көп болды. Өйткені әрбір саланы оқыту мәселесі бойынша 200-ден аса лот болды. Бізде бағыт көп. Оқу орындары да бұл бағдарламаға қатысқылары келмей, қайта-қайта конкурстар болмай жатыр. Қазір бұл конкурстарды біз іріктеп, әр өңірге, әрбір дәрігерге оңай болуы үшін басқармалардың сұрауы бойынша тағы да әртүрлі лоттарға бөліп, конкурстарды өткізуге дайындап жатырмыз, - дейді министр.
Бұл ретте ол байқау жақында жарияланады дегенмен, нақты қай күні екенін айтпады. Қазір жылдың бел ортасына келгенін ескерсек, дәрігерлер биыл да біліктілігін арттыруға үлгермей қалуы әбден мүмкін.