Жаһандық рейтинг: елімізге аптасына кемінде 11 мың турист келеді
Ал былтыр ішкі туристер саны рекордтық деңгейге жетіп, тіркелген адамдар саны шамамен 7 млн болған
Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметі бойынша, туризмнің жаһандық рейтингінде Қазақстан 2021 жылы өз позициясын жақсартқан. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, елімізде жылдың басынан бері 550 мың адам Щучинск-Бурабай курорт аймағына барған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп.
Жазғы маусым аясында 240 мыңға жуық адам Шымбұлаққа барды, бұл былтырғы жазғы маусымға қарағанда 90 мыңға артық. Дегенмен нақты көрсеткіштер маусым аяқталғаннан кейін жарияланатыны белгілі болды.
Сонымен бірге биыл ұлттық парктерге 2 млн-ға жуық адам барады деген болжам бар.
Министрліктің мәліметтеріне сүйенсек, 2022 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша:
- Орналасу нысандарына жайғасқан ішкі туристер саны 21,5% артып, 1,13 млн адамды құрады;
- Орналасу нысандары 26,3 млрд теңге көлемінде қызмет көрсетті, бұл 2021 жылғы 1 тоқсанмен салыстырғанда 25,7% - ға артық;
- Апта сайын Қазақстанға кемінде 11 мың шетелдік турист келеді.
Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметі бойынша, туризмнің жаһандық рейтингінде Қазақстан 2021 жылы 117 елдің арасында 66-орынды иеленді. 2019 жылы 140 елдің ішінде 80-орынға ие болған екенбіз.
Бұған қоса еліміз «Баға бойынша бәсекеге қабілеттілік» ( 1-орын), «Туризмнің маусымдылығы» (26-орын), «Табиғи ресурстар» (33-орын), «ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра объектілерінің саны» (42-орын) көрсеткіштері бойынша жоғары баға алды.
Сондай-ақ 2021 жылы Қазақстанда ішкі туристер саны рекордтық деңгейге жеткені белгілі болды: тіркелген адамдар саны шамамен 7 млн-ды құрады.