Ұлттық парктердегі қоқысты шығаруға бір күн берілді

Дәурен Ерболат

Қазақстанда туристер қызмет көрсету сапасына көңілі толмаса, shagym.kz арқылы шағым түсіре алады

Фото: aqmolanews.kz

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов ұлттық парктердегі қоқысты бір күнде шығаруға тапсырма берді, деп хабарлайды Үкімет басшысының баспасөз қызметі.

Биыл елдегі туристер санының бірнеше есе өскені байқалады. 7 айда Бурабайдағы туристер саны шамамен 2 есе өсіп, 550 мың адам болды (2021 жылғы көрсеткіш – 300 мың адам).

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Алматы тау кластерінің ұлттық парктеріне келушілер саны 50%-ға артқан.

Сондай-ақ өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда «Шымбұлақ» тау курорты туристерінің саны 2 есе өскен. Осыған байланысты курорттық аймақтардың тазалығына жүктеме артқан. Бурабай, Алакөл, Имантау-Шалқар курорттық аймақтарында, Алматы өңірінің ұлттық парктерінде, Маңғыстауда қоқыс контейнерлері жетіспейді. 

Ералы Тоғжанов бір күнде ұлттық парктер мен курорттық аймақтардың аумағынан қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жиілігін ұлғайта отырып шығаруды, сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау үшін қосымша контейнерлер орнатуды тапсырды. 

Сонымен қатар сервис сапасын арттыру мәселелеріне жедел ден қою мақсатында shagym.kz модулін кеңінен енгізу арқылы туристердің шағымдары мен ұсыныстарын жинау процесін цифрландыру тапсырылды.

Демалыс орындарының жағдайларын талапқа сай қамтамасыз ету мәселелері бойынша өткен кеңесте туристердің қауіпсіздігі мәселелеріне де ерекше назар аударылды.