Қызылордалық полицейлер интернет-алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топты ұстады
Олардың келтірген шығын көлемі 24 миллион теңгеге жуықтады
Қызылордалық полицейлер еліміздің үш қаласында интернет-алаяқтар тобын қолға түсірді. Бұл туралы ІІМ-нің Polisia.kz ақпараттық порталы хабарлады.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, биыл сәуір айынан бастап Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлерімен талайды сан соқтырған интернет алаяқтарды құрықтау бойынша жүргізілген арнайы іс-шара сәтті аяқталды. Жеңіл жолмен ақша табуды мақсат еткен әккі алаяқтар қолға түсті.
Естеріңізде болса, өңірімізде өткен жылдың қараша айынан бастап тұрғындарға белгісіз біреулер телефон арқылы хабарласып, «жақының есірткі затымен ұсталып тұр, оны жазадан босату үшін біз айтқан есепшотқа дереу қаражат аударуыңыз керек» деп үрейлендіріп, алаяқтық жолмен қаражаттарын жымқырып келген қылмыскерлер пайда болған болатын.
Осы күнге дейін ұқсас фактілер бойынша облыс аумағында 32 қылмыстық іс тіркеліп, жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 24 миллион теңгеге жуықтады, – делінген хабарламада.
Алаяқтардың қылмыстық іс-әрекеттерін әшкерелеу мақсатында ПД-ның білікті қызметкерлері қатарынан жедел-тергеу тобы құрылып, тергеу амалдары басталды. Тергеу нәтижесі жинақталған айғақтармен алаяқтық тәсілдердің дәлме-дәл ұқсастығын және бұл қылмыстардың барлығы белгілі бір қылмыстық топпен жасалғандығын көрсетті. Жедел-тергеу тобы алаяқтардың іс-әрекеттерін дәлелдейтін айғақтардың жеткілікті деңгейде жиналғандығын назарға ала отырып, 15 шілде күні бір мезетте еліміздің үш облысында, яғни Алматы, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында арнайы іс-шара өткізді. Іс-шара барысында әр облыста бір-бірімен сыбайласу арқылы алаяқтықпен айналысып келген 8 адамнан құралған қылмыстық топ құрықталды. Алаяқтардың мекен-жайын тінту барысында қылмыс құралы ретінде қолданылған 17 ұялы телефон, бейтаныс тұлғалардың атына жасырын тіркелген 15 абоненттік нөмірлер, 60 азаматтың ЖСН, аты-жөні жазылған тізім, ақша айналымдарын тіркеген блокнот анықталып, айғақ зат ретінде тәркіленді. Осылайша жұртшылықтың маңдай терімен тиындап жинаған қаражатын арбап алып, бас пайдасына жаратуға дәніккен әккі интернет алаяқтықтардың жолы кесілді.
Қазір бұл қылмыстық топтың өзге де өңірлерде орын алған алаяқтық қылмыстарына қатыстылығы анықталып жатыр.