Атырауда шенеунік еңбекке жарамсыз уақытта қызметтік көлікті пайдаланған
Атырау облысында шектен шыққан шенеуніктердің тәртібі қаралды
Атырауда бірқатар шенеунік Әдеп кодексі талаптарын бұзған. Олар қарамағындағы қызметкерлерге дөрекілік көрсетіп, демалыс күндері жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Сыйақыны заңсыз тағайындап, қызметтік көлікті еңбекке жарамсыз уақытында пайдаланған. Осындай заңбұзушылықтарға жол берген лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің тәртібі Атырау облысы әкімдігінде Әдеп жөніндегі кеңес отырысында қаралды.
Отырыста қаралған мәселелерге тікелей қатысы бар Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясының басшысы Равиль Төлебаев қатыспады. Денсаулығына байланысты келе алмаған көрінеді. Отырыста оның кеңсеге қажетті заттарды алдыру үшін қызметкерлерден ақша жинап, демалыс күндері жұмыс істеуге мәжбүрлеу фактісі сөз болды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің бас маманы Сұлтан Бағытжанов оның үстінен 16 қызметкерден арыз түскенін айтты.
Тюлебаев тағайындалғалы (Тексеру комиссиясы) қызметкерлерінің артық жұмыс істеу фактілері болған. Бұл ұжымда қызметкерлер тарапынан негізді сын тудырған, - деді Бағытжанов.
39 жастағы Равиль Төлебаев Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы болып 2021 жылдың 29 қыркүйегінде сайланды. Ол оған дейін Жамбыл облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Былтыр 1 желтоқсан күні облыстық тексеру комиссиясының бір топ қызметкері Төлебаевақа қарсы ұжымдық арыз жазып, арнайы органдарға жолдаған еді. Олар өз арызында бюджет қаржысын тиімсіз жұмсау, қызметкерлерге тіл тигізу, олардан ақша жинау, заңсыз тексерістерге мәжбүрлеу, демалыс күндері мәжбүрлі жұмысқа шақыру орын алғанын келтірген болатын.
Әдеп жөніндегі кеңесте оған қарамағындағы қызметкерлермен қарым-қатынас орната алмағаны үшін қатаң сөгіс берілді.
Еске салайық, Равиль Төлебаев 2018 жылы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент директоры болып тұрғанда министрліктерде қас қарайғанша отыратын мемлекеттік қызметкерлерді үйіне қайтарып, заң бойынша мемлекеттік қызметкер 6 жарымнан кейін қалып жұмыс істесе, оған әр сағатына штаттық мөлшері бойынша 1 жарым есе үстеме ақы төленуі керектігін ескерткен. Енді ол Атырау облысында қызметкерлерінің артық жұмыс істеуіне жол беріп отыр.
Тәртібі қаралған келесі шенеунік – Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Нұрлы Хабиева. Ол өзінің қарамағындағы қызметкер Дариға Дюсоваға дөрекілік көрсеткен. Екеуінің арасындағы әңгіме диктофонға жазылып қалған. Отырыста бұл аудиожазба да тыңдалды.
«Бетсіз, көргенсіз екеніңді бетіңе айтайын... Барасың да ертең арызыңды аласың. Алмайсың ба, мыналардың бәрін тартам» деген сөздер айтылған Хабиева тарапынан.
Жалпы Хабиева қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімін 10 жылдан артық уақыт басқарып келеді. Ол мемлекеттік қызметкердің этикасын жиі бұзатын, дөрекілікке жиі жол беретін шенеуніктердің бірі ретінде өңірге жақсы таныс. Хабиева бұған дейін де көпбалалалы аналарға дөрекілік танытқаны үшін қатаң сөгіс алған. Ол кезде Әдеп жөніндегі кеңеске осы дау-дамай туралы зардап шеккен алты ана хабарлаған болатын. Олар Нұрлы Хабиеваның дөрекі сөздерін диктофонға жазып алған. Оның өзі Кеңес отырысында бұл қылығын атаулы әлеуметтік көмек алушылар тізімін нақтылау барысында жүйкесінің сыр бергендігімен түсіндірді.
Бұл жолы Нұрлы Хабиева «ескерту» түріндегі тәртіптік жазамен құтылды.
Ал Махамбет ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұрлан Қалиев еңбекке уақытша жарамсыз парағын аштырса да, қызметтік автокөлікті пайдаланған. Бұған дейін де оған тәртіптік жаза берілгенін ескеріп, әдеп жөніндегі кеңес Қалиевті лауазымынан босату туралы ұсыныс енгізді.
Бұдан бөлек, Индер ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары Есбол ауылдық округі әкімі Абзал Рамазановтың тәртіптік жазасын мерзімінен бұрын негізсіз алып, 656 609 теңге көлеміндегі сыйақыны заңсыз берген. Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен сыйақыны мемлекет бюджетіне кері қайтару шараларын жүзеге асыру және тиісті лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарау туралы ұсыныс енгізілді.