Тоқаевтың қасындағы жігіттер жеке басын да алып жүре алмайды -  саясаттанушы

Еркеғали Болатұлы

Тоқаевқа сенуін сенемін, тек оның дереу қимылдауы керек

фото: ашық дереккөз

Қазір Қазақстанға қайта ес жиюға тарихи шанс беріліп отыр. Оны жіберіп алмауымыз керек. Ол үшін Президенттің қасына мықты азаматтар шоғырлануға тиіс. Әйтпесе бәрі бекер. Танымал публицист, саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам «Сұрауы бар» YouTube арнасына берген сұхбатында пікірін осылай ашық білдірді.

«Қазақстанның саяси тарихы ерекше. Бұл жерде мен аванс ретінде (Тоқаевқа қатысты айтады, – ред.) айтып жатырмын. Шынында да ол әлемдік деңгейдегі басшылармен қатарға тұруға дайын деп айта алмаймын. Бірақ Тоқаевтың заманы өте қиын. Қираған ел, шаршаған халық, ғылым-білім бәрі тас-талқаны шыққан. Еуразия, бүкіл әлемнің жағдайы қиын. Таяу арада жағдай күрт өзгеруі де мүмкін. Соған қарамастан президент қимылдап жатыр. Жалғыз жасай алмайды бәрін, әрине.

Ататүрік, Ли Куан Ю, Шарль де Голль болсын, олар қасына мықты азаматтарды жинай алған. Рузвельттің керемет командасы болды. Ал бізде, өкінішке қарай, Тоқаевтың қасындағы жігіттер жеке басын да алып жүре алмайды. Топтасып алып, елді тонайды облыстарда, - дейді Сейдахмет Құттықадам.

Дегенмен ол осы орайда тарихи мүмкіндік беріліп тұрған кезеңді пайдалану үшін президенттің шұғыл қозғалуы қажет екенін де ескертеді.

Тоқаевқа сенуін сенемін, тек оның дереу қимылдауы керек. Онсыз тарихи шанстан айырылып қаламыз, ол қайтарылмайды. Атылған оқ, айтылған сөз қайтарылмайды. Осы 3 нәрсені жіберіп қоймау керек, - дейді публицист.

Сұхбаттың толық нұсқасын жоғарыдағы видеодан көруге болады.