×

Жамбыл облысында атасы мен немересі Талас өзеніне батып кеткен

Қыздың ата-анасы жұмыс іздеп, өзге елге кеткен

 Еркеғали Болатұлы 25.07.2022 | 17:48
фото: ашық дереккөз

Жамбыл облысында өзенге батып кеткен 7 жастағы қыздың денесі табылды.

Еске сала кетсек, қайғылы оқиға 23 шілдеде сағат 17:30 шамасында Тараз қаласына жақын маңдағы Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылының маңында болған еді. Немересін ерткен қарт сол күні өзенге шомылмақ болғанда суға батып кеткен. Суға батып кеткен ер адамның денесі шығарылған соң, құтқарушылар мен жергілікті тұрғындар Талас өзеніне батып кеткен қыздың денесін бір тәуліктен аса уақыт іздеді.

Іздеу жұмыстары 24 шілдеде сағат таңғы 5:00-ден басталды. Оған Жамбыл облыстық ТЖД 74 қызметкері мен 7 техникасы жұмылдырылды. Сондай-ақ іздеу жұмыстарына суға батқан қыздың туыстары мен жақын маңдағы ауыл тұрғындары да асталысты. Қызды іздеу туралы әлеуметтік желіге жазылған хабарламаға еріктілер де үн қосып, көмектесті. Қыздың денесін су ағысы алып кеткен. Іздеу жұмыстарына барлығы 200 адам қатысты, - деп хабарлады Жамбыл облыстық ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Сәуле Мұңатбаева.

Қыздың денесі 24 шілдеде сағат 18:10-да табылды. Айта кетейік, суға батып кеткен ер адамның жасы 61-де, ал немересі 7 жаста болған. Қыздың ата-анасы жұмыс іздеп, өзге елге кеткен. Жамбыл облыстық ТЖД жергілікті тұрғындар мен еріктілерге көрсеткен көмегі мен іздестіру жұмыстарына атсалысқаны үшін алғыс айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама