Қала сыртындағы трассаларда көлікті қатты айдайтын жүргізушілердің қандай жеңілдіктен қағылатыны айтылды
Қазақстандағы жүргізушеілер бір жыл ішінде бес реттен көп жол ережесін бұзатын болса, олар айыппұлды 50 пайыз жеңілдікпен төлеу құқығынан айырлуы мүмкін. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев мәлімдеді.
Мемлекет басшысы 11 шілдеде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы заңға қол қойды. Президент қол қойған құжат биыл 9 қыркүйекте күшіне енеді. Түзетуде көлік құралын мемлекеттік нөмірсіз қайта басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктің жаңа құрамы енгізілді. Онда 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде өндіріп алу немесе көлік құралдарын басқару құқығынан 1 жыл мерзімге айыру көзделген. ІІМ өкілінің айтуынша, бұрын мұндай норма болмаған.
ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасарының айтуынша, көрінеу жалған немесе жалған мемлекеттік нөмірлері бар көлік құралын басқару үшін жауапкершілік күшейтілді. Айыппұл түріндегі жаза алынып тасталды. Енді аталған құқық бұзушылық үшін тек 1 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру және 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қолданылады. Бұған дейін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 1 жыл мерзімге басқару құқығынан айыру қарастырылған болатын.
«Сонымен қатар, қала сыртындағы трассаларда орташа жылдамдықты арттырғаны үшін көлік құралдарының жүргізушілерін жауапкершілікке тарту мүмкіндігін көздейтін түзетулерді пысықтауда. Күнтізбелік жыл ішінде 5 әкімшілік құқық бұзушылықтан көп жасаған тұлғаларға 50 пайыз жеңілдікпен айыппұл төлеу мүмкіндігін болдырмау көзделуде», - деді Жандос Мұратәлиев.