Іздестіру жұмыстарына квадрокоптерлер мен тікұшақ та тартылған
Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында жоғалған 3 жасар баланы іздеуге 600-ден аса адам тартылды. Бұл туралы облыстық ПД-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Ұлан ауданына қарасты Таврия ауылында полицейлер, құтқарушылар, еріктілер мен жанашыр тұрғындар түні бойы 3 жасар баланы іздеген.
Әділхан Сейсембайдың жоғалып кеткенін полицияға оның әкесі хабарлаған. Айтуынша, бала әдеттегідей аулаға ойнауға шыққан, бірақ біраз уақыттан кейін жоғалып кеткен. Осы уақытқа дейін оның қайда екені белгісіз.
Қазір ауқымды іздестіру операциясы жүргізіліп, ауыл аумағы 16 секторға бөлінген. Барлығы 621 адам жұмылдырылды. Сондай-ақ квадрокоптерлер мен тікұшақ тартылған, – делінген хабарламада.
Баланың бойы – 90-100 см, дене бітімі арық, шашы қара, көзі қоңыр. Үстінде жасыл түсті футболка, ақ-көк түсті қалпақ, жасыл түсті шорты, қаракөк түсті кроссовка болған.
Жоғалған баланың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат болса, «102» жедел арнасына хабарласу қажет.